8 сәуір – Дүниежүзілік нейрохирургтер күні
Бүгін елімізде нейрохирургтердің кәсіби мерекесі атап өтілді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл саланың қызығы мен қиындығын қатар көріп жүрген жандардың бірі – жоғары санатты дәрігер Саягүл Әбдікәрімова. Ол – бейінді ұлттық орталықтың алғашқы резиденті, тәжірибелі де озық маманы. Медицина саласында 20 жылға жуық талмай еңбек етіп келе жатқан кейіпкерімізбен арна тілшілері де тілдесіп қайтты.
Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан Саягүл Әбдікәрімова бас миына күрделі операциялар жасайды. 16 жылдық еңбек өтілінде жүздеген науқастың өмірін сақтап қалған. Оның ішінде бүлдіршіндер де бар.
Саягүл Әбдікәрімова, нейрохирург-дәрігер:
- Біз тәуекелдерге жиі барамыз. Түрлі жағдай болуы мүмкін. Бір кездері тіпті операция барысында баланың қан қысымы нөлге түсіп, жүрегі тоқтап қалған. Бірақ дереу әрекет етіп, бүлдіршінді аман алып қалғанбыз. Сол сәт менің есімде ерекше қалды.
Бұл жағдай Диляра Тоқтарова атты бүлдіршіннің басынан өткен. Санавиация мамандары 2016 жылы баланы Оралдан Астана қаласына жеткізген. Дәрігерлерлер миға қан кетудің алдын алып, күрделі операция жасады.
Айнұр Тоқтарова, науқастың анасы:
- Одан бері 7 жыл өтті. Саягүл 32-33 жаста еді. Ол – өте ақкөңіл, ақжарқын қыз. Үнемі күлімсіреп жүреді. Ем алып жатқан балалардың әрқайсысына жеке көңіл бөліп, жағдайларын бақылауда ұстайтын. Дәрігер науқасты жартылай іспен емдесе, жартылай сөзбен емдейтіні рас екен.
Ақ желеңді абзал жанның жақсылығы арада қанша жыл өтсе де, ұмытыла қоймады. Жыл сайын бұл отбасы Саягүл Әбдікәрімованы кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдайды.
Орталық мамандары Диляра Тоқтарованың аман қалуын ғажайыпқа балайды. Бүлдіршін операцияға дейін 1,5 айға жуық комада болған. Сондықтан операция жасату өте қауіпті еді. Алайда ананың үміті алдамады. Дәрігерлердің кәсібилігінің нәтижесінде операция сәтті аяқталды.
Саягүл Әбдікәрімова, нейрохирург-дәрігер:
- Мұнда командалық жұмыс өте маңызды. Сәтті операция – үлкен ұжымның еңбегі. Ана сәбиін дәрігердің қолына тапсырарда оның білікті маман екендігіне көз жеткізуі қажет. Екі арада сенім орнаса, бала да мұны сезеді.
Саягүл Әбдікәрімова апта сайын 5-6 хирургиялық операция жасайды. Кейде тіпті аса күрделі операциялар 23 сағатқа дейін жалғасады.
Саягүл Әбдікәрімова, нейрохирург-дәрігер:
- Артериовенозды ақаумен түскен науқас болды. Өте күрделі операция жасадық. Көп қан жоғалтып алмас үшін бар күшімізді салдық. Операция сәтті аяқталды, баланың жағдайы тұрақталған соң үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта біздің бақылауда.
Бұл нейрохирургтің басынан өткізген оқиғаларының алғашқысы да, соңғысы да емес. Әр науқас – дәрігер үшін жаңа тәжірибе.
Айнұр Тоқтарова, науқастың анасы:
- Біз Саягүл Әбдікәрімовамен үнемі байланыстамыз. Әр мейрам сайын бір-бірімізді құттықтаймыз. 7 наурыз – туған күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, ал сәуірдің бас кезінде нейрохирургтердің кәсіби мерекесі. Шуақты көктем – біз үшін мереке айы.
Еліміздің 400-ден астам нейрохирург-дәрігерлері бүгін өздерінің кәсіби мерекесін тойлап жатыр. Соңғы жылдары отандық ақхалаттылар тек ел аумағында емес, шет мемлекеттерде де ерекше сұранысқа ие.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Айсұлу Махмұтова, Мадияр Қындыбаев, Нұрғали Мамурбаев.