Бектенов: Әлі де көп жұмыс істеу керек
Солтүстік Қазақстанда тасқынның алдын алу жұмыстарына 3000-нан аса адам жұмылдырылды.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың өңірге сапары аясында айтылды.
Үкімет басшысы тасқын суға тосқауыл қою жұмыстарымен танысты. Тепличное және Кожевенная ауылдарындағы ахуалды бақылады.
Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің жоғары екендігін айтып, жауаптыларға қажетті шаралар қабылдауға тапсырма берді.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін елді мекендердің көшелері мен аула аумақтарынан 440 мың текше метр су сорылған. 165 шақырымнан астам арық тазартылып, 2,7 шақырым каналдардың арнасы кеңейтілді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз керек. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен адамдар зардап шекпеуі маңызды.