СҚО-дағы екі ауданда төтенше жағдай жарияланды

Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар және Есіл ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Бүгін таңертең Покровка ауылында 20-дан аса үйді су басып, тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылар мал-мүліктерін де дер кезінде шығарып үлгерді. Қазір онда полиция қызметкерлері кезекшілікте тұр. Елді мекенде кеше көпір астында мұз кептеліп, Есіл өзені қатты көтеріліп кетті. Ернеуінен шыққан тасқын су көшелерге жайылды. Оқиға орнында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Ғәуез Нұрмұхамбетов болып, тұрғындармен кездесті. Сонымен қатар бүгін Петропавл маңындағы Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл түрде көшіру туралы шешім қабылданды. Әзірге Сергеев су қоймасының деңгейі түспей тұр.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Президент ешкім назарсыз қалмайды деді. Сондықтан зардап шеккен әр адамға көмек болады. Шығын көлемі есептеліп, өтемақы төленеді.