Жылыой ауданындағы су деңгейі төмендеді
Жылыой ауданындағы су деңгейі үш күнде 20 сантиметрге дейін төмендеді.
Дегенмен қауіп сейілген жоқ. Жағаны бекіту жұмыстары әлі де жалғасуда. Тәртіп сақшылары да қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап отыр. Ал құтқарушылар тұрғындарды қайықпен тасымалдап, қол ұшын созуда.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Біз қазір 4-ауыл ықшам ауданындамыз. Бұл жақта құтқарушылар тұрғындарды үйлеріне апарып, қалған құжаттары мен өзіне қажетті заттарын алуға жәрдемдесіп жатыр. Бұл жақтағы судың деңгейін қарасаңыздар болады, міне кеше анау терезеге дейін келген. Қазір су деңгейінің төмендеп келе жатқаны байқалады.
Құлсары қаласының тұрғыны Мұрат Таңбаев 4 күн бұрын су келген уақытта үйін тастап қашуға мәжбүр болған. Отбасын қауіпсіз аймаққа шығару қамымен итін тастап кетіпті.
Мұхтар Таңбаев, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Бірнеше күн бұрын үйіміз суға кетті. Асығыстау болғасын ба итімізді босатуға, жанұямызды алып шығамыз деп тұрғанда босатуға мүмкіншілік болмай қалды. Сол итті құтқаруға мына чс-тің жігіттерімен қайықпен келе жатырмыз.
Бұл Шарик. Суда қалып қойғанына 4 күн болған. Үйдің иесі 5 сәуір күні су келгеннен бастап эвакуацияланған. Содан бері осында қалған Шарикті иесі келіп құтқарып жатыр.
Құтқарушылардың арқасында төрт-түлік те эвакуацияланып жатыр. Өз өмірлерін қауіпке тігіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты олардың еңбегі ерен. Жылыойдағы табиғи апаттан қиын жағдайда қалғандарға көмек қолын ұшын созу үшін Қонаев қаласынан 18 құтқарушы келді.
Айдын Байдүйсен, Қонаев қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы:
- Осы Атырау облысы Құлсары қаласындағы су апаты салдарын жоюға келдік. Көмектесуге келдік. Құтқарушылармыз. Біздің мақсатымыз қазір іздестіру жұмыстары, эвакуация және осы тұрғындардың үйін су алып кеткен, соларды тасымалдау. Қауіпсіздігіне жауап беру.
Аудандық штабтың мәліметінше су деңгейі бүгін 9 сантиметрге дейін төмендеген. Бірақ қауіп бар. Қазір құтқарушылар 6 сәуір күні жоғалған әкесі мен баласын іздестіріп жатыр. Суға кеткен үйін көруге барып, содан бері оралмаған. Жоғалған күні көлігі сол маңдағы дүкеннің жанында табылған.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов