«Кеңгірдің» суы кейін керек болмай ма?
Биыл Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасына 350 млн текше метрден астам су келді.
Ұлытаудың басындағы қар ерігенше әлі бірталай су келеді деп отыр мамандар. Сондықтан, көлге толған судың артығын сыртқа ағызып жатыр. Ол үшін плотинадағы 1 шандор күндіз-түні ашық тұр.
7 жыл бойы жөнді су келмей, көңілі алаң болған қоғам белсенділеріне осы әрекет жақпай қалған. «Көлдегі шандор жабылмай қалыпты» деген қауесет ғаламторға тарап кетті. Мәселенің ақ-қарасын ажырату мақсатында жауапты мамандарға сұрау салған едік.
Кеңгір су қоймасы 1952 жылы пайдалануға берілген. Қар суымен толығады. Сыйымдылығы 319 млн текше метр болатын нысан облыстағы 3 қаланың екеуін тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр. Өңірдегі алпауыт өндіріс орындары да шаруашылық суын осы жерден алады. Сондықтан болар көпшіліктің су қоймасының жағдайына алаңдауы орынды. Себебі, нысан 1966 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген.
Бекзат Дайрабайұлы, облыстық мәслихат депутаты:
- Жалпы айтқанда, іріп-шіріп кетпесе де, тоза бастағаны көрініп тұр. Шыны керек. Тростары бар, темірлері бар шамалы. Енді бұл өте стратегиялық нысан болғандықтан бұл жердің бәрі жөнделу керек деп ойлаймын.
Көктемгі тасқын басталғалы қоймаға 363 млн текше метр су келді. Кемеріне келген соң артылған 267 млн текше метр су сыртқа жіберілді. Көптен бері мұндай көлемде су келмеген еді.
Алмас Жандарбеков, ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:
- Жалпы 7 шандор бар. Соның бүгінде біреуі ашық, қалғаны жабық тұр. Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінен келетін судың қарқыны қайтқан соң соңғы шандорды да жабамыз.
Соңғы шандор әзір жабылмайтын секілді. Себебі, мамандар жасанды көлге әлі де 30 млн текше метрге жуық су келетінін айтады. Гидротехникалық қондырғылар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Оған өз көзімізбен куә болдық. Дегенмен, жөндеуді қажет ететін тұстары да бар.
Біркен Құлманов, жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры:
- Ешқандай алаңдауға, жабалмай қалды, ашылып қалды, су кетіп қалады деген ондайға еш алаңдаушылық, еш қауіп жоқ. Жағдайы енді орташа, орташадан сәл жақсы деп айтуға болады. Ауыстыратыны үстіндегі тельферлар, соларға ремонт керек боп тұр.
Жасанды көлдің арнасы иесіз, ал гидротехникалық құрылғылары жер қойнауын пайдаланушы компанияның басқаруында. Ол компания жылына бір рет тек жеңіл-желпі жөндеу жасап тұратын көрінеді. Сондықтан стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов «24.KZ», Жезқазған.