Сырбойылықтар 300 тонна көмек жібереді. LIVE

Еліміздің тасқын судан зардап шеккен өңірлеріне сырбойылықтар да көмек көрсетіп жатыр.

Игі істе әсіресе еріктілер мен жастар бірлестіктерінің айтарлықтай белсенділігі байқалады. Табиғи апат салдарынан шығынға ұшыраған қазақстандықтарды қолдау мақсатында жастар жағы әлеуметтік желі арқылы барша қызылордалықтарға үндеу жариялады. Бұл бастамаға аймақ тұрғындары бейжай қарамай, 70 миллион теңгенің заты жиналды.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Ықылым заманнан Алашқа Ана, қорғансызға пана, сүрінгенге сүйеу, адасқанға темірқазық болған Сыр жұрты жинаған жылу бірер сағатта батысты бетке алады.

Қаз-қатар тізілген 10 жүк көлігіне 20 тонна күріш, 20 тонна ұн, 20 тонна пияз тиелген. Сондай-ақ қарақұмық жармасы мен қант та бар. Мың резеңке етік пен 100 қобдишаға салынған медициналық жиынтық та салынған. Игі іске кәсіпкерлер, мұнай компаниялары, «AMANAT» партиясы мен еріктілер атсалысып жатыр.

Дәурен Әбілқайыров, үйлестіруші:

- Президентіміздің үндеуіне байланысты халыққа көмек беру – әр азаматтың борышы. Батыстағы халқымызға көмек беру мақсатында мың жалпақ күрек, мың үшкір күрек мың дәрі-дәрмек жинағы, әрқайсысы жүз-жүзден 10 мың қап тағы басқа көптеген затты су тасқынында зардап шеккендерге қолдан келгенше ұйымдастырып жібереміз. Барлық әріптестеріме елдегі бірге қосылайық, біздің күшіміз бірлікте. 

Сырбойылықтар бұған дейін де көршілес жатқан Ақтөбе облысының Қобда ауданына 112 тонна гуманитарлық көмек жіберген болатын. Сондай-ақ жергілікті депутаттар қаржылай көмек көрсетушілер үшін арнайы есепшот ашып, 2,5 миллион теңге аударды. Ақтөбе облысындағы табиғи апат зардаптарын жоюға атсалысқан қызылордалық 66 құтқарушы енді қостанайлық ағайынға қол ұшын созуға аттанды. Олардың да қайық, су шығару құрылғылары өңірден жіберілді.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Елдің амандығына тілеулес жұрттың көмегі мұнымен бітпейді. Аймақтың барлық аудан орталықтары мен ірі сауда-саттық нысандары маңында жылу қабылдау бекеттері жұмыс істеп тұр. Қор жинақталса, қиын-қыстау кезеңге тап болған өңірлерге дереу жөнелтіледі.