Құлсарыда жағдай тұрақтала бастады

Құлсары қаласындағы жағдай тұрақтала бастады. Су басқан кезде жабылып қалған кәсіпкерлік нысандары қайта жұмысына кірісті, деп хабарлайды 24KZ.

Үйіне су кірмесе де, сақтық үшін көшкен тұрғындар баспаналарына қайта оралып жатыр. Жем өзенінің бойындағы жасанды бөгеттерді бұзу нәтижесінде қазір өзендегі су деңгейі де едәуір түскен.

1993 жылы Жем өзені арнасынан асып, елді мекендер мен Құлсары қаласын су басқан еді. Бірақ биылғы тасқын одан бірнеше есе күшті болды, – дейді мамандар. Амандық Иманбаев 30 жыл бұрынғы табиғи апатты көзімен көрген.

Амандық Иманбаев, Жылыой ауданының тұрғыны:

- Жоғарыдан келе жатқан тасқынға ешкім қарсы тұра алмайды. Су мен от тілсіз жау. Оған дым істей алмаймыз. Ол қайткен күнде де халық бірігіп, осы жердегі ел, азаматтар бар, барынша қорғап жатыр. Қазір Каспий жағының бәрі жарылды. Бүгінгі күні су 70 сантиметрге түсті. Енді халық дүрлігетін ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ендігі тек қалпына келтіру.

Жекелеген шаруа қожалықтары суды жинау үшін жасанды бөгеттер тұрғызған. Салдарынан Жем өзені бағытын бұрып, Құлсарыны басып қалғаны туралы бұған дейін облыс билігі айтқан еді. Қазақстан Қарулы Күштері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары бүгінде 10 жасанды бөгетті жарып, судың жолын ашқаннан кейін жағдай қалыпқа келе бастады. Қазір Жем өзені Каспий теңізіне қарай кедергісіз ағып жатыр.

Манарбек Рахман, ҚР Қарулы Күштерінің 41433 әскери бөлімі инженерлік қызметінің бастығы:

- Құлсары қаласындағы төтенше жағдайларға байланысты қазіргі таңда Жем өзені бойындағы жасанды бөгеттерді ашу мақсатында жару жұмыстары ұйымдастырылып, жасанды бөгеттердің жолдары ашылды. Осыған орай бөгеттерден ең үлкен көлемде сулар ағып өтіп, Құлсары қаласындағы Құрсай өзегіндегі судың деңгейі түсе бастады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығынан Жылыой ауданына 586 әскери көмекке келген. Олар су деңгейін түсіру бағытындағы жұмыстарға жұмылдырылды. Жауаптылар ахуалды үнемі бақылап отыр. Күн сайын әуеден барлау жүргізіп, жасанды бөгеттерді анықтады. Соның арқасында су деңгейі де түскен.

Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Жемнің деңгейі түсіп келе жатыр. Ендігі біздің алдымыздағы мақсатымыз – Құлсары қаласының ішіндегі суды сыртқа шығару. Бұл бағытта жоспарлы түрде жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстар ҚР Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының және Үкіметтің, одан қалды облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жылыойда тасқын қаупі сейілді. Тұрғындар да баяғы қалыпты күйіне оралып жатыр. Су баспаған аумақтарда тіршілік қайтадан қыза түсті. Дүрбелең кезінде жабылған кәсіпкерлік нысандар біртіндеп жұмысын бастап жатыр. Қоғамдық көліктер де тұрғындарға қызмет көрсетуге кіріскен.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Арман Ақшабаев.