Қазақстанда тәулік бойы істейтін постоматтар орнатылды
Қазақстанның 9 өңіріндегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында тәулік бойы жұмыс істейтін постоматтар орнатылды, деп хабарлайды 24KZ.
Онда 11 қызмет түрі бойынша дайын құжаттар 3 күн сақтауға қойылады. Азаматтар орталықтарға бармай, қалаған уақытында келіп қағаз құжаттарды алып кете алады.
Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарынан құжаттарын екі тәсілмен ала алады. Жұмыс уақытында дайын құжаттарды тапсыру бөліміне келсе болды, операторлар қолыңызға береді. Ал жұмыстан қол босамайтын жандар постоматтардың көмегіне жүгіне алады. Тек өтініш жазғанда құжатты осы тәсілмен алатынын көрсетеді.
Алмагүл Қосымжанова, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері:
- Бұл постомат арқылы техпаспорттың қайталамасын алуға болады және АХАЖ бөлімінің қайталама құжаттарын, анықтамалар алуға болады және апостельге жіберетін құжаттар бар, Әділет министрлігіне жіберілетін, апостельге жіберетін құжаттардың түрін де енгізуге болады.
Жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды да осы постомат арқылы алуға болады. Бұл қызметке жүгінген тұрғындардың телефонына хабарлама келеді. Азамат кез келген уақытта келіп, SMS-хабарламада көрсетілген сілтемені ашып, қосымшаға өтеді. Сөйтіп постоматтағы QR сканерлейді. Осы кезде ішінде құжаты бар ұяшық ашылады. Тек мұндай постоматта құжаттар 3 күннен артық сақталмайды.
Әйгерім Төлеубаева, Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің жетекшісі:
- 3 жұмыс күнінде қызмет алушыға құжатының постоматтан алынғаны жайлы SMS-хабарлама келеді. Әрі қарай оны дайын құжаттарды тапсыру секторларынан алып кетуге болады. Біздің операторлар SMS-хабарламада көрсетілген өтініштің нөмірін сұрап, азаматтың жеке тұлғасын фотоға түсіріп, биометриялық өлшемі арқылы анықтаймыз. Құжат иесі өзі болса, қолына табысталады.
Заманауи жүйеге қосылған постоматтар 3 мегаполис – Астана, Алматы, Шымкенттен бөлек, Тараз, Қордай, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Семей мен Түркістанда іске қосылған. Алдағы уақытта құжаттарды сақтау жәшіктері әрбір халыққа қызмет көрсету орталығында ашылады деп жоспарланған.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Бағдат Қайыркен.