Сыбайлас жемқорлық: ₸12,4 млрд тиімсіз жұмсалмақ болған
Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудың бірнеше дерегін анықтады.
Атап айтқанда, 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 12,4 млрд теңге асыра бағалау анықталды. Нәтижесінде былтырғы жылдан бастап 53,8 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуының алдын алды. Көрсетілген кезеңде жанар-жағармай материалдары, кеңсе тауарлары және тамақ өнімдерін асыра бағалау анықталған. Мұндайға әкімдік аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары жол берген.
Ол аздай агенттік білім беру саласында 206 қылмыстық істі тіркеді. Келтірілген залал 14 млрд теңгеден асқан. Мысалы, жақында ғана Сарқан ауданы білім бөлімі бас бухгалтерінің заңсыз қызметінің жолы кесілді. Есепші 1 млрд теңгеден астам сомада бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктеліп отыр. Тергеу әрекеттері барысында 156 млн теңге сомасында ақшалай қаражат табылып, тәркіленді.