Көмек жинау толассыз жүріп жатыр
Шымкенттіктер тасқын судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жөнелтті.
Қазақстан халқы ассамблеясының аймақтағы өкілдерінің айтуынша, арнайы пункттерге бір күнде 40 тоннаға жуық керек-жарақ жиналған. Оның ішінде көрпе-төсек пен құтқару құралдарынан бөлек, шаруашылыққа қажетті заттар бар.
Тұрғындар азық-түлікті де молынан әкелген. Бірінші болып жолға шыққан жүк көлігіне 20 тонна зат тиелді. Этнос өкілдері қаржылай да көмек беріп жатыр. Кәсіпкерлер палатасы мамандарының мәлімдеуінше, арнайы есепшотқа 100 миллион теңге аударылған.
Нұржан Әбдікәрім, қалалық "Қоғамдық келісім" мекемесінің бөлім басшысы:
- Жалпы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауда, ел ішіндегі бірлікті нығайтуда әрбіріміз көмек көрсетуге тиіспіз деп санаймыз. Бұл жерде бүгін бірінші фура 20 тоннаға жуық жүкпен кетсе, тағы екінші фура ертең Құдай қаласа, жолға шығатын болады.