Сенатор: Жылда 2 млрд текше метр су жоғалады
Сыр өңірінде ирригация жүйесі нашарлап, жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады.
Осыған байланысты сенатор Руслан Рүстемов Палата отырысында Сырдария су нысандарын мемлекет меншігіне беру қажет екенін айтты. Ол Премьер-Министрден ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиорациялық жағдайды жақсартуды сұрады. Тағы Қызылорда облысында су тапшылығы кезінде оны реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруды ұсынды.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Инженерлік жүйеге келтірілген жерлер 1963-1978 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Ұзындығы 15,5 мың шақырым магистральді және шаруашылықаралық каналдардың небары 2,3 мың шақырымы ғана республикалық меншікте. 1,3 мың шақырымы әкімдікке қарасты "Табиғат" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне бекітілген. Ал жалпы ұзындығы 11,9 мың шақырым құрайтын ішкі шаруашылық каналдарға іс жүзінде ұстап тұру, пайдалану, жүргізу мүмкін болмай келеді. Суармалы каналдардың, қашыртқылардың және гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған.