Е. Қошанов Грузия Парламентінің спикерімен кездесті
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті. Бұл – мәртебелі мейманның Астанаға алғашқы ресми сапары. Делегацияны қарсы алған Ерлан Қошанов екі елдің халқын тарихи қарым-қатынас пен мәдени дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті. Сондай-ақ, дипломатиялық байланыс орнағалы тиімді саяси диалог жолға қойылғанын жеткізді. Одан бөлек, конституциялық реформа, саяси науқандардың қорытындысы және Конституциялық Соттың қызметі туралы ақпарат берді. Өз кезегінде Грузия Парламентінің төрағасы Қазақстан тарапына қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, бұл ресми сапар парламентаралық қатынастың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Тараптар экономика, агроөнеркәсіп, көлік-транзит, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.