Шымкентте экологиялық акция қолдау тапты
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясында Шымкенттегі көшелердің 19 мың шаршы метрі жуып-шайылды, деп хабарлайды 24KZ.
5 мың метр болатын ирригациялық жүйелер қоқыстан тазартылды. «Таза өлке» атауымен өтіп жатқан эконауқанға тұрғындардан бөлек, қоғам қайраткерлері, мәдениет мамандары, ұйымдар мен кәсіпорын қызметкерлері де белсене қатысты. Нәтижесінде талдардың түбі әктеліп, қоқыс жәшіктері мен орындықтар сырланды. Халықтың ауызбіршілігі өзен-каналдардың жағалауын абаттандыру ісінде де байқалады. Су табаны тазартылып, 85 текше метр қоқыс шығарылды. Жалпы республикалық науқанға жиналғандар «экологиялық мәдениет қалыптасып келеді» деп есептейді.
Кенжехан Төлебаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Көктемде жақсылап бір тазалап алынған қала әрі қарай әрқашан да көркейіп, көгеріп тұратынына біз кәміл сенеміз. Оның үстіне біздің қала тұрғындары қазір сәл де болса тазалық мәдениетіне үйренгендей болып отыр.
Ақан Бесбаев, қала тұрғыны:
- Біздің қаланың тазалығы ол елдің тазалығына жатады. Күнделікті өзіміз жүрген жердің таза болуына атсалыссақ, күнделікті өзіміздің тұратын, жүріп бара жатқан жердің тазалығына атсалыссақ, соған мән бере алсақ, жақсы болады деп ойлаймыз.