Құлсарыда тасқын зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр

Жылыой ауданындағы жағдай қалыпқа түсіп келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Дүрбелең кезінде жабылған кәсіпкерлік нысандар жұмысын қайта бастап жатыр. Қоғамдық көліктер тұрғындарды тегін тасымалдап жатыр. Қазір Құлсары қаласын судан тазарту жұмыстары басталған. Оған 40-тан аса техника жұмылдырылды. Ертең 40-қа жуық су сорғыш әкелінеді. 

Су деңгейі түсіп, Жылыойдағы жағдай қалыпқа келіп жатыр. Дегенмен үйін су басқан тұрғындар алдағы күндері үшін алаңдайды. Ықшамаудандарды басқан су шығарылып, тезірек үйімізге қайтсақ, – дейді.

Гүлайым Мұратова, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Үйдің ішіне кіре алмай жүрміз. Бала-шағамыздың жартысы Теңізде. Су кеткен күнде де, ол үйдің ішіне тұру мүмкін емес, өздеріңіз білесіздер. «Сырость» бар деген сияқты.

Қазір Құлсары қаласында тасқын зардабын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болжам бойынша 2800-ден аса тұрғын үй суға кеткен. Судан тазартылып, тұрғын үйлер қалыпқа келгенше әкімдік эвакуацияланған жылыойлықтарға біржолғы әлеуметтік көмек беруді де жоспарлап отыр.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:

- Қазір қаланың ішін судан тазарты жұмыстары болып жатыр. Ең бірінші тазартуымыз керек. Тазарғаннан кейін тұрғындардың бәрі аяқ басып, сол жерге бара алатындай болғаннан кейін комиссиямен бірге барып, үйлердің барлығына бағалау жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Қазір Құлсары қаласын басқан суды сору жұмыстарына 40-тан аса техника жұмылдырылған. Бүгін 6 мың текше метрге жуық су шығарылды.

Бауыржан Әбдірахманов, «Жылыой тазалық» мекемесінің басшысы:

- Менің ойымша, 70-80 вакуум автокөлігін жұмылдырамыз деп ойлап отырмын. Өздеріңіз көргендей, көп жерді су алып кетті. Соларды қазір судан тазартуды жұмылдырып жатырмыз. Таңертеңгі 8-ден кешкі 9-ға дейін, 9-дан таңертеңгі 8-ге дейін екі ауысым жұмыс жасаймыз. Тәулік бойы.

Ертең Құлсары қаласына Теңіз кенішінен, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерден 40-қа жуық вакуум құрылғысы әкелініп, су сору жұмыстарына жұмылдырылады. Қазір жағдай қалып түсіп келеді. Жем өзеніндегі су деңгейі 1 метрге дейін төмендеген.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Арман Ақшабаев.