Павлодардан Атбасарға көмек жөнелтілді

Павлодардан Ақмола облысының Атбасар ауданына гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды 24KZ.

Этномәдени бірлестік өкілдері су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек беру үшін 3 күндік акция жариялады. Бұған дейін Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылына арнап жылу жинаған еді. Тұрғындар қиын жағдайға тап болған отандастарымыздың тағдырына бейжай қарамады. Азық-түлік, көрпе-жастық, ауыз су, дәрі-дәрмек, гигиеналық заттар мен шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтарды арнайы орынға әкеп өткізді. Игі іске Қазақстан халық Ассемблеясының жастар қанаты белсене атсалысты.

Эльдар Захаров, «Ассамблея жастары» РҚБ жауапты хатшысы:

- Қазақстан халқы Ассамблеясы күнделікті тіршілікке қажет заттарды жинауды жалғастырады. Біз Павлодар қаласының ғана емес, бүкіл республиканың барлық азаматтарын қиыншылыққа тап болған адамдарға көмек қолын созуға шақырамыз.

Оразбай Болат, қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Өзімізде 24 орталық бар, 24 орталық қол ұшын беріп, ынтымақпен ұйымшылдықпен бірге осындай заттарды жіберіп отырмыз. Балалардың киімдері, үлкен кісілердің киімдері, етік, аяқ киімдер және де азық-түлікті дайындадық.