БҚО-ға Жетісу мен Сыр елінен көмек келді
Су тасқыны басталғалы Батыс Қазақстан облысына Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларынан және Қырғыз елінен 500 тоннадай гуманитарлық жүк келді.
Қарапайым тұрғындардан бастап, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік қызметшілер, ірі компаниялар өз көмегін беріп жатыр. Оралдықтар Жетісу облысы мен Қызылорда облысынан келген жүкті қабылдап алды. Бірінші кезекте қажетті тұрмыстық бұйымдардан бастап, азық-түлік, электр қуатын өндіретін автономды генераторлар, мото-помпалар, жүзу құралдары, ағын сумен алысқан ағайынның қажетіне жарамақ.
Ілияс Түстікбаев Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл біздің Жетісу жұртшылығының аманаты. Жерлестерімізге арнайы қиын-қыстау заманда қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп келіп отырған жайымыз бар. Сонымен қатар біздің кәсіпкерлер, қызметшілер, өз еріктерімен қайырымдылық қорға 150 млн қаражат аудардық, одан бөлек осы зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру үшін мың тоннаға жуық цементті де жіберетін боламыз.