Алматы облысы аумағындағы 25 көл сенімгерлік басқаруға берілген

Жергілікті кәсіпкерлер су шаруашылығы нысандарын 49 жылға дейін жалға алған.

Келісімшартта көрсетілген міндеттемелеріне сәйкес, олар көл жағалауының тазалығына, тікелей жауапты және онда қаржылай инвестиция құйып, демалушыларға қолайлы жағдай жасауы тиіс. Іле ауданындағы «Ворошилов» су қоймасы жырылғаннан кейін тілшілеріміз жеке көлдердің қожайындарымен сұхбаттасып, қандай іс-шара қолға алынып жатқанын біліп қайтты.

«Ворошилов» бөгенін су оруына байланысты Іле ауданындағы 12 мыңнан астам тұрғыны бар Байкент пен Қараой ауылын су басу қаупі төнген еді. Осы оқиғаға байланысты прокурорлық тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша, бөгетті су жыру оқиғасына немқұрайлылық себеп болған. «Өз ісіне салғырт қараған көлді жалға алған кәсіпкер ме, әлде 49 жылға сенімгерлік басқаруға берген мемлекеттік мекеме ме?», - деген сұрақ туындайды.

Анар Ақшолақова, облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бақылау бойынша облыстың қаржы басқармасы объектілерді теңгерімде ұстау үшін ирригациялық кәсіпорындармен бірлесіп, міндеттемелерінің орындалуына тұрақты негізде бақылау жүргізеді. Бұйрық шарттардың бірі – нысанды тиісті тәртіппен жарамды күйде ұстау үшін инвестиция сала отырып жұмыс орындарын құру болып табылады.

5 сәуірден бастап Алматы облысының аумағындағы өзен-көлдерден балық аулауға тиым салынды. Әуесқой балықшылар сол себепті жеке көлдерге жан-жақтан ағылып келіп жатыр. 

Шухрат Каримов әуесқой балықшы:

- Бұрын бұл көлден балық аулау тегін еді. Қазір барлығы жекеге өтіп кетті. Өзім зейнеткермін. Кәсіпкерлер көлді ұзақ мерзімге жалға алған соң, демалушыларға қолайлы жағдай туғызуы тиіс. Көлдің жағасы қоқысқа толы. Кәсіпкер тазалық мәселесіне айрықша мән берсе екен деймін.

Ернат Батталханов кәсіпкер:

- Бүгін ғана ашылдық қой. Енді осы жылдан бастап өркендетеміз. Басқа не істейміз? Қолдан келсе, кішкентай балаларға детская площадка жасаймыз, беседкалар саламыз. Оның бәрін заказ беріп қойдық біз. Бұйырса бір ай, бір жарым айдың ішінде дайын болады деп ойлаймыз.

Жалға алушы өткен жылы көлге 20 тонна дөңмаңдай, ақ амур, тұқы балықтарын жіберген. Биыл көл жағалауына 60 биодәретхана қоюды, сонымен қатар коммуналдық кәсіпорынмен қоқыс шығару туралы келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр. Облыстық қаржы басқармасындағылардың мәлімдеуінше, сенімгерлік басқаруға берілген көлдерге 171 млн теңге көлемінде инвестиция құйылып, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов