Сенатор Оралға барды

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы да қиындықпен жалғыз қалмайды.

Мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Аймақтарға аттанған Парламент депутаттары ел-жұртпен кездесіп, халықты сабыр қылуға, ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып жатыр.

Бүгін Оралға барған сенатор Ләззат Рысбекова су тасқынының алдын алу жұмыстарының барысымен танысты. Биыл өңірде 1155 үй мен 830 саяжайды су алды, 13 мың адам эвакуацияланды. Қазір кіші өзендер арнасына түскенімен, енді санаулы күннен соң Жайық өзені тасиды деген болжам бар. Соған байланысты Жайықтың бойындағы 94 елді мекен мен Орал қаласында өзен жағалауына бөгеттер салынып жатыр.

Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, үйлер қалпына келтіріледі, дүние-мүліктің шығыны өтеледі. Ең бастысы, өңірде адамдар аман. Алда тағы үлкен тасқын келе жатыр. Жағдай күрделі, болжамдар әртүрлі. Бірақ қалай болғанда да, дүрбелеңге салынбай, біріге қимылдауымыз, ресми ақпаратқа сенуіміз керек. Қоғам болып жұмылғанда ғана кез келген қиындықты еңсереміз.