Түркістан облысында ақылы жолда мал қағып кету дерегі жиіледі
Елде жылдан-жылға жол үстінде мал қағып, апатқа ұшырау дерегі жиілеп барады, деп хабарлайды 24KZ.
Былтыр 100-ге жуық осындай оқыс оқиға болып, салдарынан 40-қа жуық адам қаза тапты. Түркістан облысында жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 8 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Одан 1 адам қаза тауып, 12 жолаушы түрлі дене жарақатын алды. Мұндай қайғылы жайттардың дені ақылы жолдарда болып жатыр. Автобанға қоршау қойылмай, апат тыйылмайды, – дейді жүргізушілер.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Елді мекеннің арасын басып өтетін ақылы жолдың бойында темір қоршау болуы тиіс. Бұл, біріншіден, жүргізушілердің қауіпсіздігі және түнгі уақытта қараусыз жүрген төрт түлік малдың жол үстіне шығып кетпеуі үшін маңызды. Бірақ, көріп тұрсыздар, елді мекеннің маңы – ақылы жол. Автобанның екі жиегіде ашық, үй жануарлары кез келген уақытта жол үстіне шығып кетуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда әр шақырымына ақы төлеп жүрген жүргізушілердің жолда мал қағып, басы дауға қалып жатқандары да аз емес.
«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Жол апаты көбіне трассада мал жүру белгісі жоқ жерде және түнгі уақытта болады. Жүргізушілер түнгі мезгілде қараусыз жүрген малдың жолға шығып кетуі жиі болатынын айтады. Сондықтан ақылы жолға қоршау керек, – дейді.
Түркістан облысында 324 шақырым болатын 2 ақылы жол бар. Олар – «Алматы-Ташкент», «Самара-Шымкент» бағыттары. Екеуі де 1 Б санатына жатады. Соған сәйкес ақылы жолда елді мекен аумағында малға бөгет болатын қоршау болуы керек. Бүгінде бұндай қоршау «Алматы-Ташкент» бағытындағы жолда 20 шақырым, ал «Самара-Шымкент» бағытында 6 шақырым жолда ғана бар. «ҚазАвтоЖол» компаниясы: «биыл қоршау санын арттырамыз», – деп отыр.
Қанат Жолтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Биыл Шымкент пен Сарыағаш бағытына шарбақ кіргізіп отырмыз орта жөндеу есебінен, одан кейін Сыпатаевтан шыққаннан кейін Темірланға дейінгі қашықтыққа ол жерге де кіргіздік. Қазіргі таңда біз орталық аппаратқа Қызылорданың шекарасынан Шымкентке дейінгі қашықтыққа қоршау қою бойынша ұсыныс бердік, бірақ қазір ол қаралып жатыр. Бір учаскеге 2 млрд теңге ақша.
Жауаптылардың айтуынша, биыл өңірде ұзындығы 68 шақырым болатын ақылы жолдың бойына қоршау қою жоспарлап отыр. Оның ішінде «Түркістан-Шымкент», «Шымкент-Ташкент» бағыты да бар. Заң бойынша мал айдау белгісі жоқ жолда оқыс жағдай болса, оған үй жануарын қараусыз қадырғаны үшін иесі 2 АЕК, денсаулыққа зиян келтіргені үшін 10 АЕК ақы төлейді. Сондай-ақ түнгі уақытта белгіленген жылдамдықпен келе жатып апат болса, онда жүргізушіге де жаза жеңілдейді.
Жалпы жылына үй жануарларының қатысуымен қанша апат болатыны нақты белгісіз. Себебі жол апатынан адам зардап шекпесе оқиға құзырлы органдардың тіркеуіне алынбайды. Биыл жолдарға қоршау қойылса, бұл фактілер азаятыны анық.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.