Зергерлік өнерді кәсіп еткен ару
Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарды әр отандасымыз тағатындай деңгейге жеткізу керек.
Жетісу облысының Панфилов ауданында тұратын, Әсем Ақынованың арманы осы. Зергер мақсатына жету үшін, күмістен құйған сырға, сақина, білезіктерін бағалы тастармен безендіріп EXPO көрмесіне апарған. Сөйтіп өз туындыларын, отандастарымыз бен шетелдіктер назарына ұсынды.
Зергерлік өнер Әсем Ақынованың жан қалауы. Сондықтан ол сәндік әшекейлерді жасауға бар ынтасымен кіріседі. Күмістен құйылған сақина мен жүзіктерге тапсырыс берушінің есімін жазып, оюмен өректейді. Көз тартатын ұлттық нақыштағы бұйымнан өзі де шабыттанады.
Әсем Ақынова, зергер:
- Қолмен жасағаннан кейін әр бұйымға жанымыздың бір бөлшегін салғандай боламыз. Жұмысыңның нәтижесін көргенде шабыттанып қуанасың. Сол кісілердің қуанышын ризашылығын білдіріп жатқанда өте қуанышты боламын.
Әсем бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Бала кезінен сурет салуға бейім болған ол бойжеткен соң дизайнер мамандығына түскен. Кейін зергерлік факультетіне ауысыпты. Ал екі жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаға қатысып 5 млн теңгелік грантқа қол жеткізді. Қаражатқа білімін жетілдіріп, арнайы құрылғыларды сатып алды. Сөйтіп, төл өнерді кәсіп етуге шындап ден қойды.
Әсем Ақынова, зергер:
- Бұл біздің ата бабадан келе жатқан қолөнер. Оны біз үзбеуіміз керек. Оны одан әрі жаңғыртып, осы заманға сай етіп жаңғырту керек. Күнделікті әшекеей бұйымдарды қазақтың нақышы болса, соны өзіміздің брендіміз қылып, өзіміздің оюларымызды қуанышпен тағып жүрсек, сондай бір патриоттық сезімізміз де бар.
Әсем Көктал ауылының азаматына тұрмысқа шыққан. Ол үй шаруасын ұршықша иіріп, отбасының ұйытқысына айналған келін.
Маңғаз Бердікеева Көктал ауылының тұрғыны:
- Келінім түскелі үш жыл болып қалды. Адамгершілігі жақсы. Сыйлайды бәрімізді. Бала шағамды бәрімен бас қосып бірге жүреміз. Еңбегін бағалаймыз. Бақытты болсын.
Сайлау Солтанқұлов, Көктал ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы
- Жалпы зергерлік болсын, қару-сайман, ертоқым киіз басу, текемет осының бәрі скл ұлттық құндылықтарымыздың өзегінің бірі осы. Оны ары қарай дамыту керек. Насихаттау керек. Әсіресе мектептегі балалар арасында насихаттау керек.
Зергер шағын шеберханасын үлкейтіп, енді цех ашуды ойластырып жатыр. Онда күмістен ғана емес, алтыннан әшекей жасап, гаухар тастармен безендірмек. Сол арқылы ұлттық нашықштағы бұйымдардың сан алуан түрін шығаруды мақсат етіп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев