БҚО су тасқынының екінші кезеңіне дайындалып жатыр
Батыс Қазақстан облысы қарғын судан келер қауіптің екінші кезеңіне дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Аймақтағы ахуал әлі де күрделі. Болжам бойынша сәуірдің 17-19 аралығында Ресейдің Орынбор өңірінен тасқын су кеп қалу қаупі бар. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі 759 см-ге жеткен. Бұл ретте қауіпті деңгей 850 сантиметр екенін ескерген жөн. Облыста 13мың 159 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 6 мыңға жуығы – бала. Аймақта құрылған 17 эвакуациялық орынға 1800-ге жуық адам орналасты. Батыс Қазақстан облысының баспасөз хатшысы Ерхан Тәткеннің хабарлауынша, оларға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек уақытылы жеткізіліп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен зардап шеккендерге жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Бүгінде 677 отбасыға 125 млн теңге көлемінде қаржы төленді. Апаттан зардап шеккен тұрғындардың шығынын өтеу бойынша комиссия тиісті жұмысын жалғастырып жатыр. Кәсіпкерлер мен ұйымдардың тарапынан 279 млн теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетілді. Тасқынға қарсы күреске 5,5 мыңға жуық адам мен 900-ге тарта техника жұмылдырылды.