Жем өзенінің деңгейі төмендеді. LIVE

Жылыой ауданында жағдай тұрақталып келеді.

Жем өзенінің деңгейі бүгін тағы 20 сантиметрге төмендеді. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Иә, Жылыойдағы жағдай қазір тұрақталды. Жем өзенінің деңгейі 105 сантиметрге төмендеп, тасқын қаупі сейілді. Қазір сауда орындары, дәріханалар, базар қалыпты жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың қандай да бір сұрағын назардан тыс қалдырмау үшін кеше қоғамдық штаб құрылды. Сол жерде халыққа тиісті қызмет көрсетіледі. Қазір біржолғы әлеуметтік көмек алу бойынша құжаттар қабылданып жатыр.

Ерқұл Дәулетбаев, Жылыой аудандық қоғамдық штаб жетекшісі:

- Көмек көрсету үшін, сосын ақпарат дұрыс беру үшін осындай штаб құрғанбыз. Штабқа әр түрлі сала мамандары заңгерлер, жастар, кәсіпкерлер, дін өкілдері, барлығы түгел қамтамасыз етілді. Халықтың барлығы түгел көмексіз қалмайды. Барлығына көмек беріледі.

Қоғамдық көліктердің қозғалысы қалпына келтірілді. Тасқын кезінде қауіпсіздік мақсатында газ беру тоқтатылған болатын. Қазір бәрі реттеліп жатыр. Төрт бригада екі ауысыммен газ беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құлсары қаласын судан тазарту жұмыстары қарқынды. Су сору басталғалы 16 мың текше метр су шығарылған. 50-ге жуық вакуум екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.