Жайық өзенінен қандай қауіп бар?
Атырауға жиналған ғалымдар осы мәселемен айналыса бастады.
Мемлекет басшысы тасқыннан қорғану жұмысына ғалымдар мен ғылыми мекемелерді жұмылдыру қажеттігін айтқан. Қазір Атырау облыстық төтенше жағдайлардан қорғану және алдын алу жөніндегі штаб жанында ғылыми кеңес құрылды.
Ғалымдар бастауын Ресейден алатын Жайықтың тасу деңгейін үш кезеңге бөліп қарастырады. Оның алғашқысы, Батыс Қазақстан облысындағы шағын өзендердің Жайыққа қосылуынан пайда болатын тасқын. Екіншісі, Орынборды қыспаққа алған Сақмар өзеніндегі су мөлшері. Ал басты қауіп - Иректі су қоймасынан шығып жатқан су. Өткен аптада оның деңгейі секундына 1670 текше метрге дейін артқан. Қазір 447 текше метр шамасында. Демек, мол су Атырауға сәуір айының 25-27-не қарай келуі мүмкін, дейді ғалымдар.
Арман Жұмағазиев, географ-ғалым:
- Январцевода біздің Қазақстанға кіретін жерде гидропост бар. Соның есебін алып отырмыз. Нағыз сол жерге су жеткенде бізге де нақты прогноз шығаруға болады. Қазіргі таңдағы Атырауға келіп жатқан судың бірінші деңгейі, ол өте қорқынышты емес. Екінші-үшінші толқын қосылып кетпесе, біздерге судан қорғануға мүмкіндік бар.
Облыстық штаб жанындағы ғылыми кеңестің құрамына жергілікті жоғарғы оқу орындарының географтары, физика-математика пәнінің оқытушылары мен эколог мамандары топтасқан. Нағыз су мамандары ертең келуі тиіс. Әзірге олар ресейлік әріптестерімен байланысып, ақпарат алмасып жатыр.
Артур Еділханов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Жергілікті деңгейдегі кейбір қиыншылықтар бар. Соңғы нақты жаңарған мәліметтерді алуға байланысты. Егер осы мәселені жергілікті атқарушы органдармен тиісті мемлекеттік құрылымдармен үйлестірген жағдайда мәліметтерді өз деңгейінде ғалымдарымызға ұсынсақ, олар барлық ғылыми негізделген қортындыларын ұсынатын болады.
Ғалымдардың топшылауынша Жайық өзенінің деңгейі 5,5-6 метрге жеткенде елді мекендерге қауіп төнеді. Индер ауданындағы бүгінгі деңгейі 305 сантимерге, Атырау қаласындағы гидробекетте 373 сантиметрге жеткен.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин