Атом энергетикасы мен ядролық технологияларды дамыту
Алматыда World Nuclear Spotlight Kazakhstan халықаралық конференциясы өтті.
Ширек ғасырдан кейін әлемде электр энергеясына деген сұраныс екі есе артады. Ал баламалы қуат көздері бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. «Сондықтан қазір атом энергетикасы мен ядролық технологияларды дамыту маңызды». Конференция делегаттары осындай пікірде. Іс-шараны Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Бүкіләлемдік ядролық қауымдастық ұйымдастырды. Қазақстан Атом электр станциясын салуды көздейді. Ол үшін әлемдік тәжірибені барыншы зерттеп, зерделеу қажет.
«Атом энергетикасын урансыз елестету мүмкін емес. Ал, еліміз уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр. Жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Бұл – әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы. Осындай бағалы кенді игеріп отырған Қазақстанда Атом электр станциясы ел болашағы үшін керек»,-дейді форум делегаттары.
Пак Ин-Сик, «KHNP» компаниясы, шетелдік бизнес бөлімінің атқарушы вице-президенті:
- Қазақстан уранның ірі экспорттаушыларының бірі. Ядролық реакторлардың жұмысы үшін ядролық отынның тұрақты жеткізілуі өте маңызды. Әлемдік атом энергетикасының қуаттылығы артып келе жатқандықтан, біз жанармай жеткізуде жалпы проблемаға тап болуымыз мүмкін. Осыған байланысты Қазақстанның бәсекелестік артықшылығы бар.
Петр Бзежина, Атом электр компаниясының өкілі /Чехия:
- Қазақстанның энергетикалық әлеуеті зор. Табиғи ресурстары жеткілікті. Қазір сіздердің Үкімет атом қуатын өндірудің кешенді бағдарламасын жан-жақты қарастырып жатыр. Біз өз тәжірибемізді ұсынамыз.Мүмкіндік болса бұл жобаға қатысуға дайынбыз.
АЭС салу саяси, әрі экономикалық тіпті экологиялық жоба. Конференцияда сарапшылар атом энергетикасының дамуы тау-кен өндірісінде көмірқышқылы газының бөлінуін азайтып, экологияның жақсаруына оң әсер етеді деген пікір айтты. Ал, елімізде алып станцияны салуға Курчатов қаласы мен Балқаш көлі жағасындағы Үлкен елді мекеніндері таңдалды. Оны салуға 5 мемлекет өтініш берген. Ұсыныстар әзірге қаралып жатыр. Бірақ, АЭС салу мәселесі жалпыхалықтық референдумнан кейін ғана белгілі болмақ.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Әрине ол біздің өзіміздің қоятын техникалық талаптарымыз болады. Уранды өзімізде өндіретін экспорттаушы болғанна кейін тиісті түрде біздің шикізатты қолдану керек. Сондай өзіміздің ҚР маңызы бар осы технологияларды бізге әкелетін талаптар қоямыз. Шешім қабылданғаннан кейін сондай тиісті келісөздер жүргізіледі.
Жақып Хайрушев, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры:
- Атом энергетикасының дамуы экономикаға мультипликакитивті әсер береді. Сол арқылы көлік-логистика, құрылыс, сауда-саттық, яғни, кәсіпкерлік дамиды. Түркия мен Египет мысалын алуға болады. Атом электр станциялары салынған аймақтарында бизнес дамыды.
Конференцияда озық ядролық технологияларды жетілдіру, игеру мәселесі сөз болды. Жаһандық климаттың өзгеруі адамзатқа ортақ проблема. Сондықтан энергия көздерін ақылмен қолдану керек.
Авторлары: А. Садуақас, К. Амраев