Ақмола облысында құтқарушылар ауылдарға қайықпен жетті
Қалқұтан, Аршалы өзендерінің деңгейі көтеріліп, Астрахан ауданындағы 100-ден астам үйді су басты, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе Колутон, Қаракөл, Ескі Колутон, Еңбек және Ягодная ауылдарында жағдай қиын. Елді мекендердің жолын су шайған. Тұрғындар жарықсыз отыр. Ең бастысы, құтқарушылар жедел қимылдап, қажетті дүниені қайықпен жеткізіп жатыр.
Қаракөл құдды арал боп қалғандай. Су ортасында тұр. Тұрғындар бір апта бойы еш жерге шыға алмайды. Ауылға қайықпен жетудің өзі қауіпті. Бірақ қарғын су елді мекен ішіне кірмеген.
Арман Қасымов, Қаракөл ауылының тұрғыны:
- Үй аман-есен. Ауыл аман қалды судан. Тек мал зардап шекті. Далаға шыққан қойлар суға кетіп қалды.
Тек құтқарушылар ауыл ішінде қайықпен жүреді. Олар халыққа қажетті заттар мен дәрі-дәрмек жеткізеді. Сонымен қатар жарықсыз отырған тұрғындарға да жан-жақты көмек беріп жатыр.
Құралбек Сүлейменов, «AMANAT» партиясы Астарахан аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
- Оларға электр станцияларды жеткізіп, соларды жанармайлармен қамтамасыз етіп жатырмыз. Осы іс-шараларды атқаруға бізге құтқарушылар үлкен көмек жасап жатыр. Қарым-қатынассыз қалған ауылдарға керек дәрі-дәрмек, азық-түлік, ауызсу, жанармайларды жеткізіп тұрмыз.
Қазір аудандағы жағдай біртіндеп тұрақталып келеді, – дейді мамандар. Ескі Колутон ауылының бағытындағы жол жөнделе бастады. Бірер күнде көлік қозғалысы жанданады. Ал қарғын судың күші қайтқанда қалған ауылдарға жол ашылып, жарық беріледі деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренко.