ШҚО-да гидрологтар өзендердің деңгейін бақылап отыр

Шығыс Қазақстанда гидрологтар өзендердің деңгейін күні-түні бірнеше рет өлшеп, бақылап отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Өйткені дәл қазір таудағы қар қарқынды еріп жатыр.

Ал әлі ақ мамыққа оранып жатқан аумақтарды атқарушы орган өкілдері мен құтқарушылар әуеден бақылап жүр. Мамандардың айтуынша, өлкеде тасқын қаупінің бірінші кезеңі өтті. Енді екінші кезеңін өткеру үшін сақтықты күшейтпесе болмайды.

Таулы Үлбі – өлкедегі ірі су артериясының бірі. Өткен апталарда оның деңгейі 2 м 80 см көтерілген еді. Қазір арнасына түсті. Гидрологтардың соңғы өлшемі бойынша 1 см-ге кейін кеткен. Бұл аз болып көрінгенімен, қазіргі маусым үшін өте жақсы көрсеткіш, – дейді олар.

Елена Кочергина, гидролог:

- Таңғы 8-ден түске дейін 1 см төмендегенін байқап отырмыз. Бұл қар жұқарып, қауіп сейіле бастағанын білдіреді. Ары қарай әр 4 сағат сайын тексеріп тұрамыз. Әзірге барлығы ойдағыдай.

Үлбімен қатар өзге өзендер де басты назарға алынған. Су деңгейін өлшеп, деректерді жинау да оңай шаруа емес. Гидрологтар бұл деректерге көз жеткізу үшін ондаған шақырым жаяу жүреді.

Константин Боровиков, Глубокое ауданы ТЖ бөлімі басшысының м.а.:

- Үлбі өзенінің бойында 4 стационарлық бекет бар. Глубочанка мен Красноярка өзендерінде 2 гидробекет жұмыс істеп тұр. Қолда бар деректер бойынша гидроқұрылғыларда жағдай тұрақты.

Гидробекетте су деңгейі туралы ғана емес, жер тоңы, еріген қар суының бағыты жайлы да мәліметтер тіркеледі. Мамандар: «таулы аймақтағы қар жамылғысы 12%-ке азайды, сондықтан тасқын қаупінің екінші кезеңі де сәтті өтер», – деп болжап отыр. Дегенмен әуеден бақылау күшейтілді. Жағдай аяқасты ушығатын болса, 150 эвакуациялық пункт әзірленді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.