Қостанай ауданында 140 үйдің шығын көлемі тіркеуге алынды

Қостанай ауданында 2 мыңға жуық баспана мен саяжайды су басқан, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір арнайы комиссия үй-үйді аралап, тасқынның келген шығынды есептеп жүр. Ал әзірге бұл ауданда зардап шеккендерге бірреттік төлем беріле бастады. Оның көлемі – 369 200 тенге. Ал дүние-мүлік шығыны тіркеліп, есептелгеннен кейін өтеледі.

Ерлі-зайыпты Жұмабай мен Ләззаттың тасқынан кейін үйлеріне оралған сәті. Екі жыл бұрын ғана ипотекаға сатып алған жаңа үйдің қазіргі күйі шынымен аянышты. Тірнектеп жинаған дүние-мүліктің сау-тамтығы қалмаған.

Ләззат Сейілова, Мичурин ауылының тұрғыны:

- «Черновой вариант» үй сияқты болып қалып тұр. Сондықтан мұның бәрін қайтадан сылау керек. «Обойлау» керек. Еденін қайтадан «полдау» керек деген сияқты. Мынау жиһаздардың бәрі іске аспай, далада қалатын дүние болып қалып тұр. Сондықтан 100% барлығы кетті деп айта аламын. Септиктен аққан судың барлығы үйге кірген. Барлық жерде нәжіс.

Тобыл өзенінің бір тармағы осы Мичурин ауылына таяу жерде ағып жатыр. Сол маңдағы тұрғындар жағдайды қарап, бақылап отырған. Соншалықты су басатындай қалып байқалған жоқ. Бәрі тыныш еді. Кенеттен нөпір судың қайдан келгендігін бағамдай алмай қалдық, – дейді мұндағылар.

Жұмабай Қозыбаев, Мичурин ауылының тұрғыны:

- Алтысынан жетісіне қараған күні 1-2 сағаттың ішінде қардың еріп келген суы адамның мойнына шейін жететіндей тереңдікте болды. Сол судың кесірінен үйдің сырты, іші, барлығы бұзылып жатыр. Мынау шеттері кертіліп жатыр. Мынау іргетастың асты сөгіліп жатыр.

Үй ауласындағы жылыжай әлі күнге суға толы. Ішкі істер органдарының зейнеткері Жұмабай Қозыбаев гүл өсіру кәсібін енді қолға алған екен. Сол бастаған еңбегінің бәрі еш болды.

Жалпы Мичурин ауылы бойынша 40 шақты үйге су кірген. Қазір арнайы комиссия соларды аралап, шығын мөлшерін шығарып жүр. Одан бөлек, Қостанай ауданы бойынша зардап шеккендерден өтініш қабылдайтын 3 мобильді штаб құрылды.

Нартай Молдабаев, Қостанай ауданының тұрғыны:

- Мына кісілер «палаткада» штаб қойған екен. Жақсы бәрі де, қарсы алып, бәрі де өтініш жазып, құжаттарын алып, сөйлесіп, кездесіп. Телефонды алып қалды. Сосын «оценка» істейді.

Ілиясхан Әмірбеков, Қостанай аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:

- Тәуелсіз бағалау комиссиясы қарайды қанша үй ремонт жасау керектігін немесе құрылыстың немесе сатып алу мөлшерін төлейміз. Әрбір үйдің шығынын сосын комиссия мүшелерімен қарастырамыз. Қазіргі таңда біз тек үй мәселесін ғана қарастырып жатырмыз, ал басқа нәрселерді сосын тағы да бір қарастырамыз немесе Үкіметтен бір шешім бола ма – оны көреміз.

Аудан бойынша осы күнге дейін зардап шеккендерден 200-ге жуық өтініш қабылданды. Ал арнайы комиссия шамамен 140 үйдің шығын көлемін құжаттап, тіркеуге алған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамдедияров.