Бельгиядағы қазақстандық студенттер тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетпек
Брюссельдегі білім алып жатқан қазақстандық студенттер елімізде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жәрдемдесу үшін жаппай жұмылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қаржылай көмек көрсету мақсатында отандастарымыз бельгиялықтарға қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстырып, ұлттық кәдесыйлар мен тәттілерді ұсынуды қолға алған. Сондай-ақ алдағы апталарда қайырымдылық жәрмеңке мен кино көрсетілімін ұйымдастырмақ ниетте. Ал одан түскен қаржыны «Қазақстан халқына» және «Біз біргеміз» қорларына аудармақ.
Дайана Қожахметова, KU Leuven университетінің студенті:
- Біз осында жүрген шетелдік студенттерді қазақ мәдениетімен таныстыру үшін шағын стенд ұйымдастыруды шештік. Одан түскен қаржының бәрін Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде жіберіледі.
Марсель Веркаммен, KU Leuven университетінің студенті:
- Қазақ студенттерімен бірге осы университетте білім алып жатқаныма бір жыл болды. Солардың арқасында елдеріңізге сапарлап қайтқаным бар. Дәстүрі мен мәдениеті ерекше мемлекет. Ал халқы өте қонақжай. Қазақ жұртына елдеріңіздегі табиғи апат зардаптарынан тезірек қалпына келуді тілеймін.