БҚО-да 100 шақырымға жуық бөгет тұрғызылды
Батысқазақстандықтар Жайықпен келетін тасқынның алдын алуға қамданып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Өзен бойындағы 84 елді мекен мен Орал қаласында жалпы ұзындығы 99 шақырымдай бөгет бой көтерді. 6 мыңнан астам адам тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Әскерилер, құтқарушылармен бірге қарапайым қала тұрғындары да тілсіз жаумен күреске өз үлесін қосып жатыр.
Қаланың Курени, Коминтерн аудандарында, Жайық пен Шаған өзендерінің жағалауында қазір қарақұрым халық. Бірі топырақ үйіп жатса, бірі құм қаптап жатыр. Көбі – еріктілер, қарапайым қала тұрғындары. Арасында қыз-келіншектер, мектеп оқушылары да бар.
Фарида Қайкешева, қала тұрғыны:
- Жұмыс жасағанымызға екі-үш күн болды, қаптарды ашамыз, топырақ саламыз. Бәріміздің басымызға түсейін деп тұрған жағдай ғой. Сондықтан барлық халықты көмектесуге шақырамын.
Ал Зашаған кентінің тұрғыны Назгүл Қабдығалиева көмекке 3 баласымен келіпті. Емшектегі нәрестесін ата-енесіне қалдырған. Ел басына күн туғанда қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүр.
Назгүл Қабдығалиева, Зашаған кентінің тұрғыны:
- Әлеуметтік желіден адамдар жетпей жатқанын естіп білдім. Сосын 3 баламды ерте келдім. Қаптарды шығарып, аузын ашып тұрса да, көп көмек қой. Кеше атасы келді, бүгін біз келдік.
Айзере Қазихан, оқушы:
- Жасым 10-да. Мен мұнда қаламызды су баспасын деп көмектесіп жүрмін. Менің әкем вахтада. Сол үшін біз бүгін мамаммен, сіңліммен көмектесуге келдік, ініммен.
Қазір Жайықты жағалай қонған мұқым елдің тілегі – осы. 73-тегі Сәуле әжеміз өзен бойына келіп, ұршықты кері иіріп, қазақтың көне ырымын жасап тұр
Сәуле Нұрғалиева, қала тұрғыны:
- Ертеден ата-бабамыздан қалған ырым. Менің әжем сондай әңгіме айтып отыратын. Бала болсам да, есімде қалды. Кешегі күндері есіме түсіп, барып келейін, қолымнан келеді, ұршық иіре алам, ырымын жасайын, одан су қайта ма, қайтпай ма, бірақ қазақтың ырымы. Бір ырымын үлкен кісі болып жасайын деп кеше келіп жасадым. Әйтеуір ниетім түзу, шын аналық пейіліммен.
Орал қаласы тұсында Жайық деңгейі соңғы тәулікте 8 сантимерге көтеріліп, 776 сантиметрге жетті. Қауіпті меже – 850 сантиметр. Көршілес Орынбор қаласында су 11 метр 87 сантимерге барғанын ескерген мамандар бізде де өзен деңгейі қауіпті межеден екі метрге асып түсуі мүмкін деп болжады.
Олжас Садыров, «Қазгидромет» РМК БҚОФ директорының орынбасары:
- Процентпен есептегенде 10-30% жоғалады, жан-жаққа құйылып, сондай себеппен. Қазіргі болжаммен 10 метр 38 см күтіліп отыр. Бірақ айта кететін жағдай, су ағыс болуы мүмкін, су жайылмаға кетіп қалуы мүмкін, соны ескеріп отыру керек.
Тасқынға тосқауыл қоюға қазір өңірде 6 мыңдай адам жұмылған, өзге өңірлерден 400-дей арнайы техника келіп жеткен. Соңғы дерекке сенсек, өзен бойындағы елді мекендердің айналасына 100 шақырымға жуық бөгет тұрғызылған.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Б. Жарылғасов.