Шығынды бағалау комиссиясы 8 өңірде жұмыс істейді
Қарғын судан үйі қирап, малы қырылған қараша төтенше жағдай басталған күннен бастап 30 күн ішінде материалдық шығынды өтеуге өтініш бере алады, деп хабарлайды 24KZ.
Табиғи апаттың залалын есептейтін комиссия 8 өңірде жұмыс істейді. Өтініштер Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында қабылданады. Зардап шеккен азаматтар қаржылай көмек, тұрғын үй және әлеуметтік қорғау сынды мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алады. Сонымен қатар оларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыру қарастырылған. Шаруашылықтың басында жүрген фермерлер мен малын жоғалтқандар да көмектен құр қалмайды. Комиссияның байланыс нөмірлері Үкіметтің ресми telegram арнасында жарияланды.