Алаяқтар су тасқынын сылтауратып, ақша жинап жүр
Алаяқтар жылу жинауға көшті.
Ел ішіндегі дүрбелең сәтті пайдаланған қулар әлеуметтік желі арқылы тасқыннан зардап шеккендерге көмектесеміз деп ақша жинаған. Солтүстік қазақстандық полицейлер мұндай әрбір үшінші хабарламаның жалған екенін анықтады. Петропавл төңірегін су басқаннан кейін WhatsApp желісінде тұрғындар чат құрған. Онда тасқын барысында туындаған мәселелерді талқылап, зардап шеккендерге көмек ұйымдастырған. Сөйтіп, зардап шеккен адамдардың банк карталарының номері мен көмек сұраған өтініштері қаптаған. Бірақ осы чаттарға мониторинг жүргізген тәртіп сақшылары олардың ішінен алаяқтарды анықтады.
Нұрбек Баекин, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы:
- Үш күн ішінде 6 үлкен чатта 50-ге тарта жалған хабарландыру анықталды. Олардың арасындағы көмек туралы әр үшінші хабарландыру жалған болып шықты. Хабарландырудың барлығы жойылды. Авторлардың чаттағы номерлері бұғатталды.