Шымкенттегі этноауыл қашан жаңғыртылады?
Шымкентте этноауылды жаңғырту жобасы қайта қолға алынады, деп хабарлайды 24KZ.
3 жыл бұрын салынған шағын ауыл көне шаһардың туризм тынысын ашуға бірден-бір септігін тигізген. Бірақ осы күнге дейін қараусыз қалып, ұлттық нақыштағы нысандары жарамсыз күйге түсті. «Шымқала» тарихи-мәдени кешен аумағында орналасқан ауылдың мәселесін тұрғындар мен туроператорлар бірнеше рет көтерген.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Этноауыл – ұлт мәдениеті мен салт-дәстүрді насихаттайтын бірегей орын. Сондықтан 2021 жылы мұндағы 2 гектар жерге киіз үй үлгісінде концерт алаңы жасалып, шеберлер ауылы бой көтерген. Сонымен қатар алтыбақан тұрғызылып, қаз-қатар қазақ үйлер тігілді. Өкінішке қарай, бүгінде мұның барлығы бүлініп, тозып тұр.
Тарихи-мәдени кешен аумағында салынған этноауылдың мүлкі басқа орталыққа тиесілі. Тараптар теңгерімге алу мәселесімен тартысып жүргенде заттарды түгендеу, оны күтіп-ұстайтын ешкім болмады. Биыл құжаттамаға қатысты олқылықтар ретке келтірілді. Тиісінше жобаны дамытып, қайта жаңғыртуға мүмкіндік пайда болды.
Айгүл Жолбасқан, «ShymQala» тарихи-мәдени кешені директорының орынбасары:
- Бұл өте жақсы, маңызды жаңалық біз үшін. Өйткені бұл өзіміздің туристік аумақ болғаннан кейін осы жердегі киіз үйлер болсын, садақ ату, сол жерде шеберлік сабақтары өтсе деп талап етеді. Сол жерде ұлттық тағамдардан дәм татқысы келеді. Көргісі келеді. Біздің кешенімізге ол туристердің санын арттыруға үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Рас, саяхаттаушыларды қызықтыратын бірден-бір бағыт – этнотуризм. Қаланың 2200 жылдық тарихын айғақтайтын кешенге былтыр 43 мыңнан аса турист келген. Оның 5 мыңға жуығы – шетелдіктер. Ал биыл 10 мыңға тарта адам осы жерді таңдаған.
Муниса Пазилова, туризм менеджері:
- Қазір бізге Германиядан өте көп турист келіп жатыр. Олардың бағдарламасы Ұлы Жібек жолы бойынша түзілген. Екінші орында ол Түркиядан келеді. Шымкентке келгенде осы ең үлкен объект болғандықтан, осы жерге әкеліп, көрсетеміз.
Этноауылды қайта жаңғыртуға креативті индустрия өкілдері тартылады. Қазір кәсіпкерлердің ұсынысы жинақталып жатыр. Жобалар нақтыланса, құрылысқа қажетті бюджет те белгілі болмақ.
Мөлдір Оңдасынова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы жерге келіп жатқан туристерге қызықты этноауыл көрінісін ұсынғымыз келіп тұр. Сондықтан салт-дәстүрімізді, тарихымызды, әдет-ғұрпымызды келген туристерге, жастарға насихаттау біздің аса қолға алып отырған маңызды бастамамыз деп ойлаймыз. Сондықтан қазір кәсіпкерлердің ұсыныстарын күтіп отырмыз.
«ShymQala» тарихи-мәдени кешені 4,5 гектар жерді алып жатыр. Осында этнотуризмді насихаттау мақсатында Шахристан және Цитадель аймағы жаңа кейіпке енді. Биыл мамандар кешен аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттеу мен ғылыми ізденістерге мән бермек. Осылайша, орта ғасырлық құнды жәдігерлерге арналған экспозиция залы толыға түседі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.