Тасқыннан зардап шеккендердің шығыны өтелді
Қарағанды облысының Шет ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың шығыны толық өтелді.
Үйлері жарамсыз болып қалған 5 отбасына баспана берілген. Енді бір отбасына жаңадан үй салып береді. Өлген мал мен мүліктің де құны төленген.
Ақмарал Мусина – Красная Поляна ауылының тұрғыны. Биыл елді мекен іргесіндегі Шерубай-Нұра өзені ерекше тасып, үйлерді су басты. Баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған Ақмарал 4 баласымен уақытша туыстарының үйін паналаған еді. Бір апта өткен соң бұл отбасына ауылдың қыр жақ бетінен баспана берілді.
Ақмарал Мусина, Красная поляна ауылының тұрғыны:
- Тез арада үй алып береді деп ойлаған жоқпыз. Өзіміз ұнатқан 4 бөлмелі үй әперді. Есігінің алдында бақшасы, мал қорасы бар.
Шет ауданы бойынша тасқын кезінде 4 ауылға су кіріп, 60 үй зақымданды. Соның 54-не жөндеу жүргізу қажет. Тұрғындар оны өздері істейді. Бұл жұмыстарға барлық баспананы есептегенде, 47 миллион теңгеден астам өтемақы төленді.
Орал Ыстыбаев, Шет ауданы әкімінің орынбасары:
-Аудандағы 60 үйдің 6-уы тұруға жарамсыз болып қалды. Мысалы, Ақсу елді мекенінде 2 үй сатып әперілді. Красная поляна елді мекенінде 3 үй сатып әперілді. Ал Дербісал елді мекенінде 1 үй жаңадан салынатын болды.
Су тасқынынан зардап шеккендерге шұғыл түрде мемлекеттен 100 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленді. Бүлінген мүлік үшін барлық шығын келген отбасын есептегенде, 18 миллион теңге өтемақы берілген. Қырылған жылқы, сиыр, қой-ешкісін қосқандағы 89 бас малдың да құны өтелген.
Айжан Қашкенбаева, Ақсу ауылының тұрғыны:
- Фермерлер барлығы жиналып, мал орнын толтырып берді. Басында жаңағы бірреттік 360 мың теңге жәрдемін берді ғой. Он күн шамасында барлығын төлеп тастады ғой, рақмет айтамын.
Зардап шеккен 4 ауылдың тұрғындарына еріктілер 14 тонна гуманитарлық көмек жинап жеткізді. Несиесі бар 86 азаматқа банктер мен шағын қаржы ұйымдары тарапынан 3 айға дейін шегеріп төлеу жеңілдігі қарастырылған.
Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпықар