Шымкентте кенеге қарсы күрес басталды

Шымкентте кенеге қарсы санитарлық қорғаныш аймақтары құрылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Конго-Қырым қанды қызбасы 10 шағынауданда шығуы ықтимал. Осы ошақтарда алдын алу мен аурудың таралмауы үшін дезинфекция жүргізіліп жатыр. Мамыр айының соңына дейін жалпы 2 миллион 300 мың шаршы метрді құрайтын қора-жайларға улы сұйықтық шашылады. Барлығы 152 мыңнан аса ірі қара мен уақ мал ылғалды өңдеуден өтеді. Зиянкеске қарсы залалсыздандыруға 2,5 мың литр сұйықтық пен 35 мың келі құрғақ ұнтақ әзірленді.

Айта кетейік, жаппай дәрілеу жұмыстары көктем және күз мезгілінде, жылына 2 рет жүргізіледі. Бұл үшін бюджеттен 71 миллион теңге қаралып отыр. Қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша биыл кене шаққан 44 адам медициналық көмекке жүгінген. Сондықтан сала мамандары тегін қызметті пайдаланып, аурудың алдын алуға шақырады.

Азамат Тасболтаев, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

- Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу барысында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан барлық қызметтерді алуды, дайындық жұмыстарын өздері де жүргізуді, кене шаққан жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, тиісті ем шараларын қабылдауды сұраймыз.