«Үстірт» қорығының аумағы ұлғаяды
«Үстірт» табиғи қорығының аумағы 639 мың гектарға ұлғаяды.
Маңғыстау облысында «Оңтүстік Үстірт» кластерлік учаскесі» деп аталатын аумақты құру жұмысы, былтыр басталған. Арнайы комиссия құрылып, мамандар кешенді зерттеу жүргізді. Енді Өзбекстан және Түрікменстанмен шектесіп жатқан жер учаскелері «Үстірт» қорығына беріліп, мемлекет қорғауына алынады.
«Үстірт» мемлекеттік қорығы Қарақия ауданында орналасқан. Табиғи қорық таңғажайып ландшафттарымен әлемге әйгілі. Жалпы ауданы 223 мың 300 гектар. Бұл аумақта Үстірт арқары, қарақұйрық, итаю, қаракөл, алабарыс секілді аңдар мен түз жануарлары мекендейді. Сондай-ақ Қазақстанның қызыл кітабына енген 22 түрлі құс кездеседі. Қанаттылар арасынан бүркіт, үкі, дуадақ пен қарақұс ұя салып, жұмыртқа басады. Мамандар «Үстүрт қорығын ұлғайту - сирек кездесетін аң-құсты қорғап, бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», - дейді.
Мұхаммедрақым Боранбаев, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкері:
- Қазақстандағы ірі мысықтарды сақтау барысында, ортаазиялық барысты сақтау барысында үш елде трансшекаралық жоба іске асты 2023 жылдың мамыр айынан бастап. Жойылып бара жатқан жануар болғасын оны сақтау қалу барысында жүргізіліп жатыр. Мекендеу ортасы болғандықтан үш елде ауысып жүре береді. Мысалы, қай жақта арқардың өсімімен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда осы Маңғыстау өңірінде арқар көбейген сайын олар да келіп жатыр.
Таяуда «Жабайұшқан» қаумалында жүргізілген санақта арқар саны 580 болған. Яғни, былтыр күзден бері шамамен жүз басқа көбейген. Қорықты ұлғайту туралы жобаның ғылыми негіздемесі дайын. Экологиялық сараптамадан да өткен. Үш ел арасындағы келісімге сәйкес шекарадағы темір қоршаудың төменгі бөлігі алынып, аңдар өтетін арнайы орындар жасалып жатыр.
Ғаббас Досатов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Ол жер үш мемлекеттің шекарасы: Өзбекстан, Түрікменстан мен Қазақстан. Өзбекстан мемлекетіндегі бөлігінде қорық құрылған. Қорғау жұмыстары жақсы қойылған. Түрікменстан бетінде де қорық құрылған. Ол жерде бақылау, қадағалау жұмыстары бар. Енді біз Қазақстанның Маңғыстау бетінен сол аумақты құру. Бұл жерде Қапыланқыр тауы бар. Сол таудың бір учаскесі біздің Қазақстанның шетінде. Сондықтан, осындай үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Бұйырса, биыл осы аумақ жаңағы Үстүрт қорығының аумағына қосымша құрылады деп жоспарлап отырмыз.
Мамандар Маңғыстауға ортаазиялық барыстың келуін табиғи ортаның қолайлығымен байланыстырады. Жыртқыш аң 2022 жылы «Жабайұшқан» қаумалында, өткен жылы Манашы аумағында фототұзаққа ілікті. Айта кетсек, «Қызылсай» өңірлік табиғи паркін жайлаған дала жануарлары бұлақтан су ішеді. Тұщы су көздері аптап ыстықта тартылып қалмасы үшін инспекторлар үнемі бақылап, жан-жағын тазалап отырады. Мәселен, табиғат жанашырлары былтыр 52 бұлақты тазалаған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев