Қостанайда иесіз иттерге панажайда орын жетіспейді
Қостанайда иесіз иттерді уақытша ұстайтын орын лық толы.
Су тасқыны кезінде эвакуцияланған хайуандар, түгел осында әкелінген. Қазір панажайда 150-ден астамы күтімге алынған. Иттің иелері қайда?
Мұнда 150-ден астам ит бар. Жартысынан көбі су тасқыны кезінде әкелінген. Оларды волонтерлер мен тұрғындар саяжай, жеке үйлер аумағынан тауып алған.
Ольга Соловьёва, қараусыз жануарларды уақытша ұстау пункті төрағасының орынбасары:
- Бізге келген қайырымды жандар өте көп болды. Кейбірі суда қалған иттерді жалға қайық алып құтқарды. Бізге әкелді. Қолдан келгенше орын тауып, иттерді уақытша қамқорлыққа алдық.
Қазір тасқын қауіпі сейілді. Бірақ эвакуацияланған иттердің көбі әлі осында. Тек үштен бір бөлігін ғана иелері алып кеткен.
Ольга Соловьёва, қараусыз жануарларды уақытша ұстау пункті төрағасының орынбасары:
- Итті ерекше жақсы көретін адамдар бар. Олар өзінің итімен бірге тағы бірін ала кетеді. Ал аяғы сынған, көзі көрмейтін, дене мүшесінде ақауы бар иттерді ешкім алмайды. Олар осында күтімде бола береді.
Су тасқыны кезінде саяжайда тұратын Сергей Валиевтің отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Өзіне тиесілі мына ит волонтерлердің қамқорлығына уақытша тапсырылған. Жанұя үйге оралғанда өздеріне қайтарып алады.
Александра Лебединская, қараусыз жануарларды уақытша ұстау пунктінің төрағасы:
- Мұнда орын қалмады. Өз күшімізбен бәрін ұстап отырмыз. Кейбір жанашыр азаматтар демеушілік көрсетіп тұрады. Соның арқасында жоқ-жітігімізді түгендеп аламыз.
Жануарларды уақытша ұстайтын орынның шығынын 5 адам көтереді. Аумағын кеңейтіп, жаңа қоршаулар мен торларды салуға қаражат жоқ. Бұл мәселе жергілікті билікке бірнеше рет айтылған. Бірақ осы күнге дейін нәтиже жоқ.
Руслан Нұрланұлы, Сергей Трахтенберг