Қызылордада сауда-саттықпен айналысатындарға қатысты заң күшейді
Қызылордада рұқсат етілмеген орындарда сауда-саттықпен айналысатындарға қатысты заң күшейді.
Енді тәртіпке бағынбаған саудагерлерге айыппұл еселеп салынады. Қазір облыс орталығындағы ірі екі базардың аумағында бей-берекет зат сатып отырғандар көп. Қала әкімдігі полициямен бірігіп, сауда қатарын заманға сай жабдықтау, сәулеттік келбетін ретке келтіру жөнінде түсіндіргенімен нәтиже мардымсыз.
Пушкин атындағы көшеде орналасқан Орталық базардың сиқы осы. Тар жол, көлік кептелісі, ығы-жығы орналасқан заттардан аяқ алып жүргісіз. Сатылымдағы бұйымдар тротуардың бойында тұр.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Көріп тұрғандарыңыздай жаяу жүргіншілер жолына көліктер тұрып алған. Сондықтан тұрғындар жолдың ортасымен жүруге мәжбүр. Және де тұрғындардың айтуынша кәсіпкерлер әкімдіктен тексеріс келген кезде ғана заттарын дүкен ішіне кіргізеді екен. Ал тексеріс кетісімен бұл аумақ қайтадан жайма базарға айналып шыға келеді.
Исламбек Ерғалиұлы, қала тұрғыны:
- Базардың жолымен үйге қайтып келе жатыр едім. Тротуарда машина да, зат та тығысып тұр. Жол жоқ, несін жасырамыз көз көріп тұр. Тротуарды дұрыстап қою керек. Затты ішіне қою керек магазиннің, сыртта болмауы керек неігізі.
Табынбай Төлегенов, Жалағаш ауданының тұрғыны:
- Ауыл шаруашылық кетпен, айыр алайын деп келіп едім ғой. Өзім ауылда тұрамын. Иә көлік қоятын жер жоқ, мінгесіп тұр. Сол үшін мына жерді кеңейту керек. Дұрыстап алу керек мыналарды.
Абдулвахи Абдулхамитұлы, қала тұрғыны:
- Біріншіден қалалық әкімдің осыған назар аудару қажет. Екіншіден базар иесі реттеу керек. Ол осы жердегі саудагерлерден салық жинайды. Сондықтан базар аумағында тазалық пен реттілік болуын қамтамасыз етуі тиіс.
Арнайы құрылған жұмысшы топ апта сайын түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бірақ талап орындалмайды, дейді. Ауызша ескерту кезеңі аяқталды. Енді тәртіпке бас имегендер әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалайды.
Дархан Тұрсынбаев, қала әкімінің орынбасары:
- Белгіленбеген орында сауда жасағаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс 204-бабына сәйкес 5 АЕК ол енді 18-19 мың тг арасында салынады. Егер ол қайталанған жағдайда 2 есеге дейін көбейеді. Бірақ біздің мақсатымыз кәсіпкерлерге айыппұл қайта-қайта салып, одан ақша өндіру емес. Негізгі мақсатымыз халыққа ыңғайлы жағдай жасау, жүріп-тұруына кедергі болдырмау.
Алдағы уақытта мониторингтік топ қос базардан бөлек қаладағы 200-дей сауда нысанын аралап шығады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев