Түркістан облысында қырыққабат жинау науқаны басталды
Жолдасбай Ералиев ауылдық округінің шаруалары 200 тоннадан астам ерте пісетін көкөністі жинап үлгерді.
Оның басым бөлігі экспортқа жіберілсе, қалғаны жергілікті нарыққа шығарылады.
Әбдіжаппар Мырзаев 20 жылдан бері егіншілікпен айналысады. Шаруа ақпан айында орамжапырақтың 60 күнде пісетін монако сортын егіпті. Қазір алғашқы өнімді жинап, алқап басынан саудалап жатыр. Бағасы да көңілге қонымды. Әр келісін 175 теңгеден өткізіп жатыр. Жалпы биыл Жолдасбай Ералиев ауылының диқандары 200 гектар жерге қырыққабаттың ерте пісетін түрін еккен.
Әбдіжаппар Мырзаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Алғашқы өнім Ресейге кетіп жатыр. Осы ауылдың қолы бос қыз-келіншектері келіп жинайды. Әрқайсысына күніне 5 мың теңгеден төлейміз. Біз жинап берсек, сатып алушылар өздері алқаптың басынан тиеп алып кетеді. Биыл қырыққабатты 5 гектарға ектім. Өнім жақсы шықты. Соның арқасында диқаншылығымыз берекелі болды.
Биыл Жетісай ауданының шаруалары 80 мың гектар жерге егіс екті. Оның 42 мың гектарына мақта тұқымын сепсе, ал 22 мың гектары бақша және көкөніс дақылдары. Мал азығы 10 мың гектарға, қырыққабат дақылы 1200 гектарға егілді. Сонымен бірег әртараптандыру бағытында маусым бойы бір жерден 2-3 рет өнім жинау жобасы іске асырылып келеді. Өнімділікті арттыру мақсатында егістікке тамшылатып суару әдісі енгізіліп жатыр.
Нұртас Тұрсынбеков, Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Биылғы жылы бізге 3 мың гетарға тамшылатып суару жүйесін енгізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 900 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы ендірілді. Тамшылатып суару негізі көкөніс дақылдары, бақша дақылдарына, алдағы уақытта мақта дақылдарына енгізу жоспарымызда бар.
Биыл Түркістан облысының шаруалары 10 мың гектар аумаққа қырыққабат дақылының ерте және кеш пісетін сортын егуді ойластырған. Өңірдің климаттық ерекшелігіне қарай былтыр шаруалар 320 мың тонна орамжапырақ жинады. Биылғы межеде осыдан аспаса, кем түспейді деп отыр. Мамандар облыс халқын қамтамасыз ету үшін 51 мың тонна қырыққабат жеткілікті дейді. Артығы басқа өңірлер мен көрші мемлекеттерге сатылады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш әбуов