Астанада қоғамдық көлік көбейіп келеді
Астанадағы халық саны көбейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныс артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Сол себепті қазір қала әкімдігі автобус санын көбейтуге күш салып жатыр. Былтыр 400 автобус қатарға қосылды. Қазір күнделікті қала көшелеріне 1401 автобус шығып жүр.
Қазір Астанада 96 автобус бағдары бар. Сондай-ақ кейінгі уақытта жаңа бағдарлар жиі ашылып жатыр немесе бұрыннан бар бағдарлар ұзарып, аялдамалар қосылды. Жарқын мысалы, ақпанның соңында №42 бағдар жұмысын бастады. Жақында тағы бірнешеуі ашылмақ.
Салтанат Әбдезова, CTS компаниясы көлік үйлестіру департаментінің бас менеджері:
- 55-ші маршрут, 58-ші маршрут, 62 және 63 деген маршруттар жоспарланып отыр. Маршрутты іске қосу ол жаңа техникалық қызмет көрсету мүмкіндіктерін жақсартады. Ол әл-Фараби даңғылына, «Зеленый квартал» ауданына қызмет көрсетуге, одан кейін Әзірбаев, Байтұрсынов көшелеріне арналған маршрут болады.
Қазір елордалық автобус паркіндегі көліктердің орташа қолданылу мерзімі – 7 жыл. Мамандардың айтуынша, ережеге сәйкес шыққанына 14 жылдан асқан автобусты қолдануға болмайды. Биыл Астанадағы қоғамдық көлік саны тағы 300 көлікке көбейеді. Демек автопарк тағы жаңара түседі деген сөз. Дегенмен бұл автобустардың руліне отыратын жүргізуші тапшы. Бүгінде қаладағы парктерде 1851 жүргізуші қызмет етеді. Бірақ әлі де мыңнан астам адам керек. Мамандар: «барлық талаптарға сай келетін жүргізуші табу қиын», – дейді.
Салтанат Әбдезова, CTS компаниясы көлік үйлестіру департаментінің бас менеджері:
- Жүргізуші болам деген азаматтарымызға жасы 25-ке толған болуы қажет. Жүргізуші болу еңбек өтілімі 15 жылдан кем емес болуы қажет. Оның ішінде Д1 санатында, яғни автобустарды жүргізе алу 3 жылдан кем болмауы керек. Барлық парктерде, бонустар дейді ғой, ынталандыру жүйелері бар. Көбінесе жүргізушілерде 500 мыңға жуық жалақы болады.
Биыл Астана халқы 1 миллион 400 мыңнан асты. Бұдан бөлек, жақын маңдағы елді мекендерден күніне 200 мыңнан астам адам келіп-кетеді. 1,5 миллионнан астам адамның қала ішінде жаяу жүрмейтіні белгілі. Кемінде тең жартысы автобусқа мінеді. Біз астаналықтардың қоғамдық көлік қызметінің сапасына қатысты пікірін білген едік.
Сауалнама:
- Мен әскерден келдім. Армияға дейін жиілігі онша болған жоқ. Жақсы болған жоқ. Бір жылдай Астанада болмағаннан айырмашылықты көріп тұрмын да.
- Жағалау жақта тұрған кезде 45-ті кейде шамамен 1 сағаттай күтетінбіз. Ұзақ жүретін солай. Қазір мында автобустар көп жүреді.
- Аралары шамамен 10-15 минут болады. Мен 10-мен жүрем, 35-пен жүрем, 303-пен жүрем, 302-мен жүрем. Көп автобуспен жүрем. Иә, бәрі жақсы.
Иә, жағдай түзеліп келеді, – дейді астаналықтар. Алайда әлі де тындыратын шаруа көп. Себебі қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елорда халқы жыл сайын 50-60 мыңға көбейіп келеді.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ғалымжан Абдылахат.