Ұлттық ұлан сарбаздары 1679 адамды эвакуациялауға көмектесті
Cу басқан өңірлерде Ұлттық ұлан сарбаздары да тынымсыз жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан және Атырау облысында Қызылорда, Шымкент, Қарағанды қалаларынан барған мыңға жуық жауынгер халыққа көмек көрсетіп жүр. Олар осы аймақта әскери борышын өтеп жатқан 2 мыңға жуық ұландықпен бірге бөгет тұрғызып, үйлері су астында қалған тұрғындарды эвакуациялауға атсалысып жатыр.
Қазір аталған облыстарда су тасқынының екінші толқыны болады деген қауіп бар. Тасқынға қарсы күрес жұмыстарына құқықтық тәртіп әскері тарапынан 120-дан астам әуе техникасы мен автокөлік тартылды. Ұлттық ұланның әуе кемелерімен 138 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді. Сарбаздар 1679 адамды эвакуациялап, 960 мыңнан аса инертті материал төсеуге көмектесті.