22 сәуір – Әскери полиция күні
Бүгін – еліміздің Әскери полициясы құрылған күн.
27 жыл ішінде әскери ортадағы құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімді жүйесі қалыптасты. Былтыр қабылданған Әскери полиция органдары туралы Заң да қарулы күштердегі құқықтық тәртіпті нығайтып, мәртебесін арттыруға бағытталған.
Мәди Мұқажанов – Әскери полиция басқармасының жедел ден қою бөлімі ұтқырлар бөлімшесінің аға офицері. Салада жүргеніне 12 жылдан асты. Қарағанды тумасы бала кезінен әскери киім киюге әуес болған. Қызығушылық әкесі мен ағаларының әскерде жүрген фотосуреттерінен басталды. Ізденісі мен бастамашылдығының арқасында тәлімгер атанды. Қазір өзіне бағынысты жеке құрамға әскери істі меңгеруді үйретіп жүр.
Мәди Мұқажанов, ҚР ҚМ АӨГ ӘПБ жедел ден қою бөлімі ұтқырлар бөлімшесінің бастығы:
- Әскери полиция сапында қызмет атқару – мен үшін үлкен абырой. Өйткені әскери қызметшілер көпмақсатты, яғни құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, жаппай тәртіпсіздіктерге қарсы іс-шаралар, сонымен қатар анықтау және іздестіру сияқты күрделі бағыттарды қамтиды.
Анықтау және іздестіру сияқты күрделі жұмыстарға көбіне кинолог мамандар жұмылдырылады. Кинология қызметінің сержанты Бауыржан Қайлиновтың әскери полиция сапында жүргеніне ширек ғасыр. Асылтұқымды әрі иісшіл иттерді күшік кезінен баптаумен айналысады. Мәселен, бұл төртаяқты досы қатарға жаңадан қосылды. Бір қуантарлығы, тек қазақша берілген бұйрықтарды бұлжытпай орындайды.
Бауыржан Қайлинов, ҚР ҚМ АӨГ ӘПБ кинология қызметінің сержанты
- Бізде 4 ит. Оның ішінде бельгиялық және неміс овчаркалары бар. Әр ит түрлі қызмет атқарады. Күнделікті дрессировкамен айналысамыз. «Отыр, жат, тұр» дегендей. 30 иттей үйреттім. Оның ішінде лабрадор, ротвейлер, алабай да бар.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Әскери полиция қызметіндегі бұл бельгиялық овчарканың есімі – Жалын. Жасы 1-де. Кинологтардың айтуынша, иттің бұл тұқымы неміс овчаркасымен салыстырғанда әлдеқайда сенімді әрі төзімді. Оның үстіне есірткі және жарылғыш заттарды тез табады.
Жалпы еліміздің әскери полициясы қару-жарақтың озық түрлерімен және арнайы техникалық құралдармен жарақтандырылған. Жыл сайын 100-ге жуық адам әскери полиция мамандарын даярлау орталығында бастапқы оқудан өтеді. Олар Қазақстан Қарулы күштерінің спартакиадаларына, армиялық көпсайысқа және халықаралық жарыстарға белсенді түрде қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ернар Жақсыбаев.