Павлодардағы мешіт судан зардап шеккендерге көмек жинап берді
Павлодардың мешіт қауымы да тасқын судан зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созды.
Аталған ұйым Мұсылмандар діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен жуырда ғана үш миллион теңгеден аса қаржылай көмекті Атырау облысына жіберді. Енді міне Солтүстік Қазақстан облысына арнап жарияланған төрт күндік акция нәтижесінде павлодарлық жамағаттан жиналған қайырымдылық керуені діттеген жеріне жетті. Алпыс тонна жүкті Петропавлдың қалалық мешіті қабылдап алды. Ары қарай көмекке мұқтаж адамдарға таратады.
Жолдас Қоспақұлы, Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы:
- Барлық гуманитарлық көмекті Солтүстік Қазақстан облысына жіберетін боламыз. Біз бұл акцияны бастаған кезде ең бірінші сол Солтүстік Қазақстан облысының имамдарымен ақылдастық, қандай заттар керек олар бізге айтты. Азық-түлік бұзылмайтын, сосын, мысалы, көрпе-жастық, одеяло деді. Сосын мына бір рет қолданатын ыдыс-табақ деді. Сосын мына шаруашылыққа қажетті болған заттар деді.