Құмар ойынға ойсыз құмарлық
Құмар ойынға тәуелділік сананы улап, айрандай ұйып отырған отбасыны тас-талқан етуі мүмкін.
«Бойдақпын» деп алшаң басқанның да тұмсығын тасқа тигізеді. Лудомания қоғамды жайлаған қауіпті дертке айналды. Бейресми деректерге сүйенсек, 400 мыңнан астам адам букмекерлік кеңселерге ұдайы барады екен.
Алғашқы ұтысын ойын автоматтарынан бастаған Дамир жеңістің дәмін бала кезінен жақсы біледі. Алайда бұл хоббиі тәуелділікке алып келетіні үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Басында болған жай ғана қызығушылық түбінде құмарлыққа әкелді. Туғандарының атына несие рәсімдеп, қарызға белшеден батқан.
Дамир, қала тұрғыны:
- Санаулы күнде 18 млн теңгенің басына су құйдым. Ұтылған ақшаны қайтару туралы ой үнемі мазалап тұрады. Қарыз алып, адамдарды алдап, ұрлыққа да бардым. Жоғалтқан қаржыны тек бәс тігіп, қайтара аламын деген жолды ғана көрдім. Сол сараңдығым түбіме жетті. Туғандарым менен теріс айналды. Тұңғиыққа түскенімді жете түсінген кезде, мамандарға жүгінуден басқа амалым қалмады.
Елордадағы жеке оңалту орталығында шамамен 30 адам бар. Жартысынан астамы лудоман. Оларға қарап, бұрын табысы мол әрі болашағы жарқын болған жастар деп айтпайсыз. Араларында шетелде білім алып, салауатты өмір салтын ұстанған кәсіби спортшылар да бар.
Аманжан Әбдікәрімов, жеке оңалту орталығының жетекшісі:
- Құмар ойынға деген тәуелділік артында «байлық арқылы бақытты болу» сияқты жалған арман тұрады. Тіккен әр ұтысынан өзіндік бір қайталанбас сезім алады. Міне осы сезім ойынқұмарларды қармағына іледі.
Халықаралық қауымдастық лудоманияны қоғам дерті деп мойындады. Бұл жаман әдеттерге негізделген психикалық ауытқудың бір түрі. Осыған байланысты міндетті түрде психологтардың көмегі қажет. Емге кем дегенде 5 ай кетеді. Қызмет те қымбат. Өкініштісі, жәрдемге көбі жүгінбейді. Есепке тұрғызады және жеке деректер базасында жағымсыз ақпарат сақталып қалады деп қорқақтайды екен. Былтыр Қаржылық мониторинг агенттігі 4 мыңнан астам онлайн-казиноны жапты. Бүгінде олардың жұмысына Заңмен тыйым салынған.
Мирлан Алтынбек, Гүлнар Хасан