25 жасқа толмаған азаматтарға құмар ойын ойнауға тыйым салынды
Ал елімізде 25 жасқа толмаған азаматтарға құмар ойын ойнауға енді заңмен тыйым салынады.
Онлайн казино ұйымдастырғандардың мүлкі тәркіленеді. Тіпті 7 жарым млн теңгеге жуық айыпұл төлейді, немесе 2 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өтелмеген борышы бар азаматтардың ойынға қатысуына жол берілмейді, ал талапты бұзған букмекерлік кеңселер жазаға тартылады. Бүгін мәжіліс ойын бизнесі мен лотереялар туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Енді, өтелмеген несиелік қарызы барлар, алимент төлемегендер бәс тіге алмайды. Ойын бизнесінің көше, ғимараттардағы сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Интернет кеңістігінде, теле-, радиоарналарда құмар ойын насихаты тоқтатылады. Блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар ойын түрлерін жарнамаласа, айыппұл арқалайды.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тикток ойындарында карта ұйымдастрып отырған, өздерінің жеке банктік шоттарына телефон арқылы төлемдерді алып жатқан әрбір азамат заң аясында жауап береді. Олардың қызметі заңсыз. Олардың барлығының қызметін тоқтату міндетіміз. Кез келген ойын түрін құмар ойындарын ұйымдастыру лицензияланбаған ойын түрлерінің барлығы Қазақстанда заңсыз. Оларға қазір қылмыстық кодексте арнайы бап қарастырылған. қомақты айыппұлдармен екі жылға дейін бас бостандығын шектеу мерзімі қарастырылған.
Өкініштісі, елде әрбір бесінші адам құмар ойынға шырмалған. Бұл кейінгі 2 жарым жылда белең алған кесел. Ажырасулардың 40%-ы лудоманияның кесірінен болып отыр. Өз-өзіне қол жұмсаған 3 жарым мыңнан астам адамның әрбір бесіншісі лудоманияның зардабынан сондай қадамға барған. Тіпті әскерилер арасында ойынқұмарлық белең алды. Депутаттар мәселенің арғы жағында мүдделі топтар, яғни, лоббистердің барын жасырмады. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканың күшеюіне әсері бар. Бейресми ақпарат бойынша, букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллион теңгеге жеткен.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тағы бір маңызды мәселе - ойын бизнесіне қатысуға мем қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне заңмен тыйым салу керек. лудомандардың ол салаларда қызмет етуі мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Ойын бизнесі адам бизнес емес. Ақиқатында біз салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Болашақта ойын бизнесіне заңмен толықтай тыйым салған жөн. Ең бастысы, өскелең ұрпақты лудомания дертінен сақтау үшін олардың рухани тәрбиесімен жан-жақты айналысу өте маңызды деп есептеймін.
Бүгінде 400 мың адам құмар ойынға салынып, казинолардың тұрақты клиентіне айналып отыр. Лудомандардың қатарында кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам жасөспірім бар. Жаңа заң күшіне енген соң, ел аумағында заңсыз лотерея терминалдарын орнатуға қатаң шектеу қойылады. Ойынқұмарлар 1 жыл бойы консультативтік бақылауда болады. Жағдай түзелмесе, диспансерлік есепке алынып, емдік шара қолданылады.
Рухани Асқар, Ырыстанбек Оспанов