Каспий толып келеді
Теңіздің бұйра толқындары биыл көз қуантары анық.
Қаңтар мен наурыз аралығында Каспидің солтүстік және шығыс бөлігіндегі су 29 метрге төмен түсіп кеткен еді. Мұндай көрсеткіш көптен бері болмаған дейді мамандар. Дегенмен, қазір қайта көтеріліп келеді. Теңіз деңгейінің көтерілуіне тасқын су оң әсер етіп отыр. Бұған дейін де су келген, әлі де келіп жатыр.
Каспийді толтырып жатқан қос өзен – Еділ мен Жайық. Әсіресе, Еділдің берері көп. Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары жауын-шашын мол түссе, теңіз кемеріне келеді.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Негізі, негізгі өзен, ол – Волга. Теңіздің деңгейі негізінен сол Волгаға байланысты. Ал енді одан кейінгі ірі өзен, бұл – Жайық. Жайықтан түсетін су көп болып жатыр. Содан кейін Волгадан түсетін су көп болып жатыр. Волганың бір сағасындағы плотинаны жұлып кетіпті деген кеше хабар келді. Соған қарағанда су жақсы. Егер келесі жылы да, келесі жылдары су жақсы болатын болса, онда қалпына келеді Каспий.
Ал келесі жылдары өзендер аз құйса, Каспий тағы төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ, теңіз деңгейі күн райына да тәуелді. Егер, күн қатты ысыса, су көп буланады. Бүгінде Каспий маңындағы орташа булану деңгейі 1 метрдің шамасында. Ал әзірге теңіз деңгейі көтеріліп келеді.
Айзат Елтай, «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығы басқармасының бастығы:
- 2024 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша Жайық өзені – Атырау қаласы маңында су деңгейі 412 см құрады. 2024 жылдың 11 сәуірінен бастап Жайық өзеніндегі деңгейдің жоғарылауы, жоғарылауына байланысты Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде теңіз деңгейінің жоғарылауы байқалды. Бұл Пешной станциясында теңіз деңгейінің 69 см-ге дейін көтерілуіне жеткізді. Бүгінгі таңда Каспий теңізінің солтүстік шығысындағы теңіз деңгейі минус 28,21 метрді құрайды.
21 сәуір күні Еділ бойындағы Светлый Яр гидробекетінде су деңгейі бір тәулікте 7 см-ге көтеріліп, 742 см-ге жетті. Алдағы уақытта тағы да көтерілуі мүмкін. Демек, Каспийге түсетін су көлемі әлі де арта түспек.
Авторы: Нұрқанат Қанапия