Тасқын салдары: тұрғындар үймен қамтылады
«Ешкім көмексіз қалмайды». Үкімет отырысында Олжас Бектенов тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.
Үйі зақымдалған отбасылар баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал жарамды нысандар қайта жөнделеді. Премьер-министр Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді.
Бұл – Батыс Қазақстан облысындағы Подстепное ауылы. Қаланың дәл іргесінде орналасқан елді мекенде 10 мыңға жуық адам тұрады. Көктемгі тасқын кезінде мұнда 20-ға жуық көшені су басып, үйлерге зақым келді. Ерлан Әбуов осыдан 10 шақты жыл бұрын өз қолымен баспана тұрғызған еді. Тынымсыз төккен терді табиғи апат бір-ақ күнде зая кетірді.
Ерлан Әбуов, Подстёпное ауылының тұрғыны:
- Ағаш пен қамыстан салынған ғой. Енді, міне, ағаштары шіріп жатыр. Мысалы, мынаны ертең жөндеген жағдайда да астындағы ағаш шіріп, ертең бара-бара түсіп кетеді деп ойлап тұрмын үстінен нагрузкамен. Мына еденнің бәрі енді пайдаға аспайды. Комиссия келіп кетті. Енді «оценщик» келеді. Сол «оценщик» келгенше ештеңе қозғамай тұрмыз. Өзіміз қона алмай жүрміз.
Тұрғындарға кейбір заңгерлер тегін кеңес беріп жатыр. Олар бір ай ішінде әкімдікке арыз жазып, зақымдалған баспанамен қатар дүние-мүлікке қатысты шығынды есептету қажет екенін айтып отыр.
Шолпан Шалғазина, заңгер:
- Акимат 15 жұмыс күні ішінде қабылдап, шешімін шығарып, 3 күннің ішінде төлемін төлеп беру керек. Біз оларға арызды қалай жазу керек екенін көрсетеміз. Қандай дүние-мүлкі зардап шекті, құжаттары дұрыс па, қанша адам зардап шекті, киім-кешегіне дейін жазуға болады. Соны заңды түрде өндіру үшін бізге дұрыс құжат жинау керек.
Өзекті мәселе Үкімет отырысында қызу талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі тасқын салдарынан үйі зақымданған отбасыларды баспанамен қамту механизмі әзірленгенін айтты. Бұл тұста мемлекет тарапынан құрылысқа немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға қолма-қол ақша берілмейді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Ақтөбе, Қостанай облыстарында техникалық тексеріс жүргізіп жатырмыз. Басқаларды су кеткеннен кейін қараймыз. Зардап шеккен адамның таңдауы бар: үйді қайтып тұрғызу немесе әкімдіктер екінші нарықтан пәтерлер алады. Бірақ жөндеу жұмысын әкімдік немесе құрылыс компаниясы жасайды немесе қолына қаражат береміз. Тек жөндеу жұмысына. Үйді қайтып тұрғызу үшін қаражат қолына бермейміз.
Премьер-министр тасқын салдарын жою және тұрғындарды әлеуметтік қолдау шараларына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Ол тиісті жұмыстардың жіті бақылауда болатынын ескертті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде төлем алды. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 АЕК дейін төлейтін боламыз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезекте қажетті заттарды сатып ала алады. Ешкім көмексіз қалмайды. Бұл мәселелердің барлығы Президенттің және менің жеке бақылауымда. Құрылыс және жөндеу жұмыстарының нақты жоспарын жасап, оның барлығын барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет.
Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтты. Қазір әкімдіктермен жаңа құрылысқа жер учаскелерін таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министр жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына да қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров, Қанат Махмұтов.