Елімізде тағы бір сот процесі тікелей эфирден көрсетіліп жатыр
Еліміздің Жоғарғы Соты резонансты істерді онлайн-трансляция жасауды жалғастырады.
Алматыда үш адамның өмірі қиылған жол-көлік апатына қатысты сот процесі бүгіннен бастап тікелей эфирде көрсетіледі. Оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Жолаушы автобус жүргізген әйелді жұдырықтайды. Салдарынан басқарусыз қалған автобус үш адамды қағып, мерт қылады. Жүргізушіні ұрған 33 жастағы Дархан Ахметжанов қамауға алынады. Бүгінгі отырысқа автопарк өкілі қатысып, автобустың бейнекамералары дыбыс жазбайтынын жеткізді. «Жәбірленуші тараптың адвокаты жүргізуші Шөкебаеваның берген жауаптарында керағарлық бар»,-дейді. Сондай-ақ, автопарк өкілдері, сотталушы және автобус жүргізушісі де зиян шегушілердің моральдық өтемақы талап етуіне қарсылық танытты. Бұған дейін жәбірленушілердің қорғаушылары қосымша сараптама жасауды сұраған. Алайда, прокурордың уәжінен кейін, сот сараптаманың болмайтынын мәлімдеді.
Жандос Сауырбаев, мемлекеттік айыптаушы:
- Сотталушы Ахметжановтың жәбірленуші Шөкебаеваға қатысты соққылар жасаған кезде психологиялық жай-күйін анықтауды сұраған. Біріншіден құрметті сот, бұл жерде істегі анықтамаға сәйкес сотталушы психо-неврологялық немесе наркологиялық есепте тұрмайды. Яғни, осы санаттағы аурулармен зардап шекпейді. Екіншіден, сотталушы өзінің жауаптарында оқиғаның қалай орын алғанын үтір-нүтесіне шейін айтып берген бізге.