Қаржылық сауаттылық – заман талабы
«Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр мамыр айында басталған.
Мұнда қазақстандықтар сарапшылардан дәріс алады. Сонымен қатар, мамандар enbek.kz порталында тіркелу мен жеке кәсіп ашудан бастап, банкроттықты рәсімдеуге көмектесу және берешекті өтеу кестесін құру бойынша кеңестер береді. Бүгінде жобаның көмегімен қаржылық жағдайын реттеп, төлем қабілетін қалпына келтіргендер қатары көбейіп келеді.
Есімін атамауымызды өтінген астаналық бес жыл бұрын отандық банктердің бірінен қомақты несие алған. Алғашында қарызын ай сайын уақытылы өтеп келген ол үш жыл бұрын отбасында қаржылық қиындық туындағанын айтады. Сондықтан банкке барып, төлем жүктемесін жеңілдетуін сұраған. «Бірақ онда берешекті өтеудің жаңа кестесін бекітуден бас тартты», – дейді қала тұрғыны.
Ал қаржы сарапшысы Айбар Олжай тиімсіз несие алмас бұрын жеті рет өлшеп бір рет кесу керегін айтады. Яғни, қарыз қамытын киерде банк ұсынатын шарттарды мұқият зерттеп алған абзал. «Одан бөлек бұл қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатыны да маңызды», – дейді маман.
Айбар Олжай, сарапшы:
- Бір қарыздың үстін жабуға алынатын кредиттер. Ол өте қауіпті. Себебі, бұған дейін төлеп келген проценттер тиімді проценттер болып келіп, ол қарыз тиімді проценттермен болса, соның үстінен қымбат кредит алып жапсаңыз, өзіңіздің жағдайыңызды ушықтырып аласыз. Сондықтан бір қарызды екінші қарызбен жабу өте қиын және пирамидалды.
Бұл пікірмен «Қарызсыз қоғам» жобасының мандары келіседі. Сондықтан қаржылық сауаттылық бойынша арнайы әдістеме мен оқу-практикалық материалдарды әзірлеу маңызды.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Махмутов