Ақмола облысында биыл 18 млн түп ағаш егіледі
Осылайша 4 мың гектардан астам орманды алқап көгалдандырылады.
Қазір аймақта көшет егу жұмыстары басталды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында орманшыларға студенттер мен еріктілер де көмектесіп жатыр.
Бұл облыс орталығының іргесінде орналасқан Бұқпа орман алқабы. Қазір мұнда қайнаған тірлік. Орманшылар күніне шамамен 5-6 гектар алқапқа көшет егеді. Ал бүгін оларға көмекке 50-ге тарта ерікті мен студент келді.
Дастан Ермеков, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Қазіргі уақытта медициналық колледж студенттері, Шоқан Уәлиханов университетінің студенттері барлығымыз шығып, көшеттерді отырғызудамыз. Бұл деген Көкшетау қаламыздың жан-жағына ағаш отырғызып, экологияға өзіміздің пайдамызды тигіземіз деген ойдамын.
Бексұлтан Сатқанбаев, студент:
- Қазіргі уақытта табиғатты қорғауды қолға алу керек. Экологияны жақсарту керек. Ағаш оттегі береді дейді ғой. Сондықтан ағаш отырғызумен айналысу керек студенттер деп ойлаймын. Осындай жұмыстармен белсенді айналысамыз.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында алдағы 5 жылда елімізде 2 млрд көшет отырғызуды тапсырды. Бұл межеге жету үшін ақмолалық орманшыларға 225 млн дана ағаш егу жүктелген. Президент пәрменіне сәйкес жергілікті сала мамандары жылдағы жоспарды орындап келеді. Тіпті, былтыр белгіленген межеден де асып түскенін айтады.
Болат Төкішев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
- Ақмола облысының лесхоздары 2023 жылы 2410 гектарға ағаш отырғызды. 12 миллионнан 70 мың астам ағаш ана жылы егілді. Планды 105 пайызға көп жасадық.
Жалпы жаппай тал егу науқаны аймақта мамыр айының соңына дейін жалғасады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында белсенді жастар тек көшет егу шарасына ғана емес, оны күтіп, суаруға да атсалысады.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко