ШҚО-да шалғай ауылдарға автобус қатынайды
Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауылдары автобуспен қамтылады, деп хабарлайды 24KZ.
Пандемия кезінде көптеген бағыт жабылып Шемонаиха, Зайсан қалалары мен Глубокое, Самар кентінің тұрғындары Өскеменге 3 жыл бойы таксимен қатынап жүрді.
Барыс-келісті реттеу үшін енді 67 транспорттық желі мемлекеттен субсидияланады.
Ауданаралық 147 тасымалдаушының жұмысын жандандыру үшін 400 миллион теңге субсидия бөлініп отыр. Мемлекет қолдауынсыз бұл бағыттарды автобуспен қамту мүмкін еместін. Себебі жол қашық. Мысалы, Өскеменнен Қатонқарағайға жету үшін тау арасымен 300 шақырымдай жүруі тиіс. Биікке өрлегендіктен жанар-жағармайдан шығын мол болады. Дегенмен ауданаралық автобустардың жолақысы тұрғындар үшін екі есе тиімді болады. Зейнеткер Вера Кулик балалары мен немерелеріне жиі келетін қоғамдық көлік табылғанына қуанып жүр. Әйтпесе Глубокое ауданынан таксимен қатынау қалта қағатын.
Вера Кулик, Глубокое ауданының тұрғыны:
- Немерелерімді бағу үшін күнара келетінмін. Автобус өте ыңғайлы әрі тиімді болып тұр. Зейнеткер үшін қайта-қайта таксимен қатынау қымбатқа түсетін.
Тұрғындар енді сағаттап күттіретін автобустың жүру аралығының жиілегенін қалайды. Себебі аудан-ауыл тұрғындарымен қатар қала маңындағы саяжайшылар да көлікті тосып отырады.
Татьяна Мельникова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Новотроицк ауылына да автобус бөлінсе дейміз. Себебі «жол-жөнекей іліп әкетер ме екен», – деп саяжай тұрғындары да телміріп тұрады.
Мемлекеттік дотацияның бір бөлігі қалаішілік қоғамдық көліктерге де бөлінді. Өскемен, Алтай, Риддер және Зайсан қалаларының автопарктеріне 4 миллиард теңге субсидия берілді. Жергілікті билік алдағы уақытта транспорттық желі географиясын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Айжан Рахымбаева, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы басшысының орынбасары:
- «Өскемен-Қасым Қайсенов» ауылы бағытында қатынас ашылды. Сондай-ақ қысқартылған «Өскемен-Зайсан» және «Өскемен-Қатонқарағай» бағытын да жандандырамыз. Екі аудан орталығымен тұрақты барыс-келіс орнайды.
Қазір облыстың негізгі сапаржайы жолаушылардың 40%-іне ғана қызмет етеді. Бекет басшылары жолаушылар ағынының азаюын жеке тасымалдаушылардың көбеюімен байланыстырады.
Алмас Бейсенғазин, сапаржай директоры:
- Жеке таксилердің көбеюімен пандемияға дейін де автобустарға жолаушылардың мінуі азайғанын байқадық. Қазір барлық облысаралық бағытқа заңсыз тасымалдаушылар қызмет көрсетеді.
6 ай қыста қымбат дизель жағатын әлеуметтік қоғамдық көліктерге заңсыз тасымалдаушылармен бәсекеге түсу қиын. Сондықтан аудан-ауыларалық автобустардың жүрісін тек субсидия арқылы реттеуге тура келеді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.